08 қаң, 2025 сағат 11:24

Балалар кітап оқи ма?: “Ата-ана – басты үлгі”- мамандар

фото: коллаж Ult.kz

Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың дамуы балалардың бос уақытын өткізудегі таңдауына айтарлықтай әсер етуде. Планшеттер, смартфондар, компьютерлік ойындар және әлеуметтік желілер баланың өмірінің ажырамас бөлігіне айналғандай. Мұндай заманауи құралдардың көбеюі кітап оқудың маңызын төмендетіп жіберген жоқ па? Балалар кітап оқи ма деген сұраққа жауап беру үшін, қазіргі оқырмандық дағдылар мен кітапқа деген көзқарасты қарастыру қажет. Ult.kz тілшісі осы мәселені зерттеп көрді.

Алдымен ата-ана кітап оқуы керек

Мектепке дейінгі жастағы балалар әдетте ата-аналарының оқып беруі арқылы кітаппен танысады. Егер бұл әдет отбасында қалыптасса, бала кітап оқуды ермек ретінде қабылдайды. “Балдырған” журналының бас редакторы Ерғали Бақаш: “Баладан бұрын ата-ана кітап оқуы керек”,- деп есептейді. Оның айтуынша, ата-ана кітап оқымаған үйде балалар да кітап оқуы екіталай.

“Нақты мысалмен айтар болсам, менің әкем өте кітапқұмар адам. Осы күнге дейін көркем әдебиетті, газет-журналдарды көп оқиды. Бала кезімізден әкеміз бізге кітап оқуды үйретті. Әсіресе маған үлкен міндет етіп жүктеді. Мен сол әкемнің кітап оқуына қарай, кітап оқуға бейімделдім. Міне, біз бүгінгі таңда баланы әлеуметтік желіден алыстату үшін, өзіміз бос уақытымызда, жұмыстан үйге барған кезімізде телефонға үңілмей, теледидарды да көп қарамай өзіміз кітап оқуымыз керек. Себебі өзіміз кітап оқысақ, бізге қарап бой түзеп келе жатқан балаларымыз «Мен де әкем сияқты кітап оқимын, мамама ұқсап кітап оқиын»,-деп кітапқа, баспасөзге қызығушылығы артады деп ойлаймын. Сондықтан біз өзімізді тәрбиелеуіміз қажет”,-дейді Ерғали Бақаш.

Сондай-ақ, “Балдырған” журналының бас редакторы баланың кітап оқуға құмарлығын арттыру үшін, оны ынталандырып, жаңа әдістермен жолдарды да қарастыру керек дейді.

“Кейбір ата-аналар баласына бір кітапты оқып біткені үшін ақшалай сыйлық беріп қызықтырып жатқан көрінеді. Бұл да баланы кітап оқуға құлшындыру, қызығушылығын арттыру мақсатында жасалған қадам деп айтуға болады. Уақыт өте келе бала ақшасыз да кітап оқып кетеді деп ойлаймын”,-дейді Ерғали Бақаш.

Одан бөлек, Ерғали Бақаштың айтуынша баланың қызығушылығын зерттеген жөн. Баланың неге бейім екенін, қандай көркем әдебиетті немесе балаларға арналған кітапты оқитынын анықтап, сол кітапты баламен бірге оқып, талқылаған жөн. “Балдырған” журналы бас редакторы жоғарыда айтқандай, балаларымен бірге кітап оқып, оны талқылағанының жемісін көргенін де жеткізді.

“Мен үйде балаларыма бір кітапты оқытамын да, содан түйген әсерлерін күнделік қылып жазғызамын. Оны өздері жазады. Біз отбасылық серуенге шықсақ, кинотеатрға, саябаққа немесе циркке барып келсек, әсерлерін күнделікке жазуын тапсырамын. Қазір үлкен ұлым осыны әдетке айналдырды. Бұрын менің айтуыммен жазатын, қазір көбінесе өзі жазуға ыңғайланып келеді”,-дейді Ерғали Бақаш.

Қызықпаса – амалың жоқ

Заманауи технологиялар балалардың бос уақытын кітап оқудан алшақтататыны рас. Әлеуметтік желілер мен бейнеойындар балаларға тез әрі оңай қол жетімді ақпарат ұсынады, бұл классикалық кітаптармен салыстырғанда қызығырақ көрінуі мүмкін. Сөйтіп бала қысқа мерзімдік дофаминді гаджеттерден ақтаратын көрінеді. Тіл маманы, редактор Назгүл Қожабек: “Қазір біз әлеуметтік желіге тәуелділік деп жүргеніміз – шын мәнінде тез келетін дофаминге тәуелділік,”-дейді. Оның айтуынша:

“Адам - адам болған соң, бала - бала болған соң, түрлі жағдайлар болады. Оқитыны бар, оқымайтыны бар. Бала дофаминді қайдан алады деген нәрсеге қарай ғой. Адамдардың эмоциясы бұрынғыдай емес. Заманға да қарау керек. Біз балаға кітапты білім көзі деп бергіміз келеді, ал қай заманда да адам көретін, еститін нәрсесінің бәрінен эмоция алады. Бала кітапқа қызығуы үшін ол кітап балаға эмоция беруі керек”.

Назгүл Қожабектің пікірінше, балалар әлеуметтік желіге емес, телефондағы ойынға тәуелді. Өйткені ойында бала жарысады, алысады, бірдеңеге жетеді, сөйтіп эмоция қажетін өтейді екен.

“Әр бала әр түрлі, біреу оқу-білімге құштар, біреу мүлде салғырт. Бәрін бір қалыпқа салып, шетінен тізіліп кітап оқып отырғанын көрсек деп армандайтын өзіміз. Ондай болса, баланы жетектеп жүріп, алдына кітапты үйіп қойып, оқуға баулу керек. Қызығып кетсе – жақсы. Қызықпаса – амалың жоқ”,- дейді редактор Назгүл Қожабек.


Кітаптан культ жасау керек

Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген баланың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін әр отбасында үй кітапханасы болғаны жөн дейді. Оның пікірінше, кітаптан культ жасау керек.

“Балабақшаларда шағын кітапхана болуын міндеттеу қажет. Мектеп бағдарламасына қосымша етіп кітап оқуды енгізу, насихаттау жолдарының форматын өзгерту керек. Жасанды интеллектіні пайдаланып әлеуметтік бейнероликтер жасап көрсету керек. Қоғамдық орындарда, вокзал, аэропорттарда, үлкен сауда үйлерінде заманауи үлгіде кітапбокстар қойып, баланы жалықтырмайтын форматтарда насихаттау қажет. Бала күнінен кітап оқу тек белгілі бір адамдарға тән деген ұғым тудырмайтындай жолдарды іздеуіміз керек”,-дейді Ғазиза Құдайберген.

“Қазір гаджет заманы болғасын, балаларға кітап оқыту қиын”-деп есептейді екен балаларға арналған кітап жазған автор Әйгерім Кеулімжай. Алайда ата-анаға көп нәрсе байланысты дайді ол. Ол үшін алдымен, үйде кітап тұру керек. Бала әке-шешесінің қолына кітап ұстағанын, оқып жатқанын көруі қажет дейді «Ұйықтамақ» кітабының авторы Әйгерім Кеулімжай.

“Және ең бастысы, балаға кітап оқуды үйрету керек. Кешкісін жатар алдында бір мезгіл уақыт бөліп, балаңызға кітап оқып беріңіз. Бір бет болса да, азық. Әлі оқу білмейтін балаға парақтап, суретін қарап, ішіндегі ұғымдардың аттарын атап ойнату – ол да бір қадам”,-дейді Әйгерім Кеулімжай.

Бастауыш сынып мұғалімі Даяна Рүстемова балада кітап оқу дағдыларын қалыптастырғанда, мектеп мұғалімдерімен ата-аналар бірлесіп жұмыс істеуі керектігін жеткізді.

“Мұғалімдердің оқу дағдыларын дамытуға арналған сабақтары мен түрлі әдеби шаралар балалардың оқуға деген ынтасын арттырады. Дегенмен мұғалім баланы толық кітапқа баулуы үшін ата-ана да көмек көрсеткені жақсы. Үйде телефоннан бас алмайтын бала мектепке келіп кітапқа бірден еніп кетуі қиын. Педагог бар кәсіби біліктілігін салып оны оқытуға тырысады. Ал үйге барғанда ата-ана «мә балам ала ғой, мә балам көре ғой»-деп, тыныштығы үшін баланы гаджетке үйретсе, атқарылған шаралардың барлығы құнсыз болып қалады”,-дейді Даяна Рүстемова.

Қазіргі таңда балаларға арналған кітап, басылым мен газет-журналдар жетерлік. Мысалы: “Балдырған” журналы, “Ұлан” газеті, “Ақжелкен” журналы тағы басқа. Осы басылымдарды оқыған балалар кейіннен ауқымды басылымдарға бет бұрып, өз ойын еркін жеткізе алады. “Балдырған” журналының бас редакторының айтуынша бала кезінде кітап оқуды әдетке айналдырған ұрпақ өзінің ойын, өзінің көзқарасын нақты дәлелдермен сөзін жұптап жеткізе алады екен. Сондай-ақ, кітапқұмар бала қоғамда болып жатқан, елімізде болып жатқан оқиғаларға дұрыс сараптама жасай алады дейді Ерғали Бақаш.

“Кітап оқу деген мәдениеттіліктің, біліктіліктің, әдептіліктің көрінісі ғой. Сондықтан баланы кішкентай кезінде өзіне лайықты кітаптарды оқуға, өзіне лайықты газет-журналдарды оқуға үйрету керек. Мереке-мейрамдарда басылымдарға жазылуды әдетке айналдыру қажет. Басылымдарға жазылдым, осыларды оқы, өзіңнен кейінгі іні-қарындастарыңа оқып бер дегенді қалыптастыру қажет. Сонда баланың ой-өрісі, дүние танымы бірте-бірте кеңейеді. Біз әдетте балаға қымбат ойыншықтарды сыйлаймыз. Қалаған киімін алып береміз. Оны қымбатсынбаймыз. Ал, 4-5 мың теңгенің газет-журналына жазылуға келгенде қымбатсынамыз. Осы жағына ата-аналар мән беруі керек”.

«Сапасынан бағасына дейін» балаларға арналған кітап мәселесі

Балалардың кітап оқу мәдениетін дамыту үшін отбасы, мектеп және қоғам бірлесе жұмыс істеуі керек. Балаларымыздың ой-өрісін кеңейтіп, сын тұрғысынан ойлауды дамыту үшін кітап оқу мәдениетін қолдауымыз маңызды. Ал, балаларға арналған кітаптардың дамуындағы мәселе ойландыратын дүние. Редактор, тіл маманы Назгүл Қожабектің айтуынша қазіргі таңда балаларға арналған кітаптарды дамытуда бірқатар проблемалар бар.

“Сапасынан бастап – бағасына дейін, кете береді. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетін дамытудағы ең басты мәселе – әлі күнге дейін балалар әдебиеті дидактика деңгейінен аспай келе жатқаны. Біз кітапты балаға бірдеңе үйрету құралы деп қана қараймыз. «Ана бала, түрін қара» деген сияқты. Ал ол нәрсе балалардың эмоция қажетін өтемейді. Бала қызықпайды. Берісі баламызды, арысы – ұлтты тәрбиелеу міндетін кітапқа жүктеп қоюға талпынбай, кітаптың басқа да қызметтерін, ең алдымен – эмоция беру қызметін алдыңғы орынға шығарсақ, бәлкім балалар қызыға бастар ма екен. Әйтпесе, телефондағы ойында мың «дұшпанын» қырып тастап, риза болып отырған немесе TikTok-та күлкілі бірдеңе көріп тырқылдап мәз болып отырған балаға мың кітап берсең де қарамайды. Оны мойындау керек,”-дейді Назгүл Қожабек.


Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша “Кітап оқу-қабілет, әдет және қажеттілік үшін”. Сондай-ақ қазіргі таңда әлемде балаларға арналған кітаптар көп. Бірақ біздің елде жеткіліксіз деп есептейді екен Ғазиза Құдайберген. Соған қарамастан:

“Қазір балабақшада, мектепте, кітапханаларда балалардың кітапқа қызығушылығы артты. Біздің кітапхананың балалар бөлімінің өзінде оқырманы көбейіп, үйге кітап алу екі есеге өсті”,-дейді ол.

Балаларға арналған кітап жазып, қиындығын көрген автор, өз пікірімен бөлісті. Әйгерім Кеулімжай балаларға арналған кітап жазғанда, жолдасы қолдау көрсеткінін айтып, кітап шығарудағы қиындықтар мен мәселелерге тоқталды.

“Кітап шығарудағы балалар авторының аздығынан бөлек, дайын кітапты бастыру мәселесі де бар. Еліміздегі баспаханалар біріншіден қымбат, екіншіден, кейбірінің біз сұраған сапада басып беруге әлеуеті жетпейді. Мысалы, мен бірнеше баспадан “бізде қатты қағаз жоқ” деген жауап алдым. Ең қиыны – шығарған кітапты сату екен. Кітап – басты қажеттілік болмағандықтан, көп қазақ балалар кітабына ақша қимайтынын байқадым. Мен өзі бұрын сауданың адамы болмағандықтан, өте қызық челленджден өтіп жатырмын десем де болады”,-дейді ол.

Сонымен қатар автордың айтуынша, сатып алушылар өніміне емес, адамына қарап алады екен. Танитын аудитория болмаса балаларға арналған кітаптың дамуы қиын, қоғамның қолдауы да қажет дейді Әйгерім Кеулімжай.

“Жалпы кез келген адам жаңадан қазақша кітап шығарған авторды қолдай жүрсе, ең болмағанда айналасына хабар беріп бөлісудің өзі үлкен көмек дер едім,”-дейді Әйгерім Кеулімжай.

Балада кітап оқу мәдениетін дамыту үшін, барлық тараптардың, атап айтқанда ата-аналардың, мектептердің және қоғамның ортақ күш-жігері қажет. Осыған байланысты балалар әдебиетінің сапасы мен қолжетімділігі арттырылған сайын, балалардың кітапқа деген қызығушылығы да жоғарылайтыны анық. Балалар мен ата-аналардың бірлесе отырып кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, балалардың ой-өрісін кеңейтетін маңызды құрал болып қала береді. Тек бірлескен жұмыс арқылы ғана қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетін қайта жандандыруға және балалардың рухани дамуына ықпал етуге болады. 


Бекболат Мұхтар