23 қар, 2020 сағат 08:50

Балаева: Азаматтық қоғам меморгандар мен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастық үшін беделді алаңға айналды

Азаматтық қоғам мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық үшін беделді алаң ретінде өзін көрсете білді. Бұл туралы бүгін IX Азаматтық форум жұмысын бастап берген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің министрліктің қолдауымен Қазақстанның Азаматтық альянсы күшімен өткізілетін форум беделді өкілдік ретінде өзін көрсете білді. Ең бастысы мемлекеттік органдармен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюдың маңызды алаңына айналды», - деді министр. 

Сонымен қатар ол еліміздің үкіметтік емес ұйымдарына қазіргі әлемдік пандемия жағдайына қарамастан жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғандығын баса айтты. 

«Бұл түрлі уақытша қиындыққа қарамастан біздің өзара іс-қимылымыздың түрлі саласындағы ұзақмерзімді мүдделестікті білдіреді. Сондықтан да билік органдары, сарапшылық қоғамдастық, іскерлік орта және азаматтық қоғам өкілдері арасындағы диалогтың бола беретіндігіне әрі тең құқылы ынтымақтастықты, сенім мен әл-ауқатты одан ары дамытуға септігін тигізеріне күмән келтірмеймін. Осы тұрғыда жаһандық өзгерістер дәуіріндегі тұрақты әлеуметтік дамуға түрлі сын-тегеуіріндерді еңсеру үшін бірлесіп шешім іздеу ең өзекті міндеттердің бірі саналады», - деді Аида Балаева.