Алматы қалалық балалар клиникалық ауруханасының гематология бөлімінің меңгерушісі Ұлжалғас Өскенбаева Кавасаки синдромын қалай анықтауға болатынын және осындай сирек кездесетін аурудың алғашқы белгілерінде не істеу керектігін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігердің сөзінше, COVID-19 ұқсайтын ауру көпжүйелі қабыну синдромы деп аталады.
«Кавасаки синдромы сәуір айында пайда болды. Бұл балалардың иммундық жүйесінің қабынуынан болған. Кавасаки синдромы - бұл тамырға әсер ететін жүйелік ауру. Әсіресе, орташа және кіші диаметрлі артерияларға әсер етеді. Негізінде кавасаки синдромы кішкентай балаларда жиі кездеседі. Алайда аракідік ересектерде де байқалады. Аурудың этиологиясы вирустар, генетикалық бейімділік және аутоиммундық механизм. Десекте, бұл аурудың патогенезі толық зерттелмеген.
Оның белгілеріне келер болсақ, дене қызуының көтерілуі, жөтел, қан қысымының төмендеуі, ішек ауруы, аяқ-қол ісінуі мүмкін, тыныс алу қиындайды, жүрек соғуы жиілейді»,– дейді Ұлжалғас Өскенбаева.
Сонымен қатар, ол ата-аналарды жоспарлы екпелерден бас тартпауға шақырды.
«Балаларды түрлі вирустық инфекциядан қорғаудың сенімді жолы – вакцина. Көптеген профилактикалық егулер вирустық инфекциялардың алдын алуға бағытталған. Сондықтан ата-аналар балаларын күнтізбеге сәйкес екпе салдыруы керек»,– дейді дәрігер.
Сөз арасында дәрігер емдеу тәсілін де тілге тиек етті.
«Қазір дене салмағының әр килограммына 2 грамм иммуноглобулин салып жатырмыз. Сондай-ақ, «Аспирин» қолданылады. Егер баладан жоғарыда аталған аурудың белгілері анықталып, диагноз қойылатын болса бірден емді бастаймыз. Бұл асқынулардың алдын алады. Барлық жағдайда аурудың оныншы күніне дейін коронарлық артериялардың қабынуын және тромбтардың пайда болуын болдырмау үшін жедел түрде емдеуді бастау қажет»,– деді ол.
Дәрігер балаларды адам көп шоғырланатын жерге апармауға кеңес берді.
«Қазір адамдармен қарым-қатынасты барынша азайту керек. Егер адам көп жүретін жерге барып жатса міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаған дұрыс. Одан бөлек баланы көпшілік орындарда тамақтандырмай тұра тұрған жөн. Бастысы, баланың иммунитетін көтеруге күш салу керек. Дұрыс тамақтану қажет», - дейді спикер.