20 жел, 2019 сағат 15:27

Бақытжан Сағынтаев алматылық қаламгерлерге грант табыстады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 60 ақын-жазушыға ақшалай грант табыстады.

Грантқа үміткерлерді Қазақстан Жазушылар одағының комиссиясы анықтады. Грант сомасы – 500 мың теңге.

Әкім грантын алғандардың ішінде драматург Дулат Исабеков, жазушы Зейнеп Ахметова, Светлана Ананина, Қанағат Әбілқайыр, Бақыт Беделханұлы, Ақберен Елгезек, Жүсіпбек Қорғасбек және басқалары бар.

Зиялы қауым өкілдері қаржылай сыйлық көңілдерін бір марқайтып тастағанын айтады. «Бұл қолдау арқаны кеңге салмай, қайта еліміздің мәдениеті мен әдебиетін дамытуға белсене атсалысуға шақырады», - дейді олар.

«Ақын-жазушыларға көп нәрсенің керегі жоқ. Бізге осылай көңіл бөліп, арқамыздан бір қағып қойса болды. Соның өзі үлкен шабыт береді. Жастар жазуға ұмтылады, қоғамға керек екендерін сезінеді», - дейді Дулат Исабеков.

Жалпы Жазушылар одағының 820 мүшесі бар, оның 360-сы Алматыда тұрады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ұлтымыздың дамуына айтулы үлес қосқан азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайтынын атап өтті.