15 мам, 2018 сағат 09:06

Бақтияр Артаев Головкиннің орнында болса, не істейтінін айтты

2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы, бүгінде "Astana Arlans" клубының жетекшісі Бақтияр Артаев Prosports.kz порталына берген сұқбатында Геннадий Головкиннің соңғы жекпе-жегіне қатысты пікірін білдірді, деп жазады Sputnik Kazakhstan.

"Головкиннің Ванес Мартиросянға қарсы жекпе-жегі қалай аяқталатынын бүкіл халық білді ғой. Ванес табан астынан таңдалған қарсылас болды. Неге Деревянченко емес деген де сұрақ туындаған. Бірақ көбі жекпе-жек бесінші раундқа таман аяқталады деп күтті. Күткен нәтиже мерзімінен бұрын жасалды. Мартиросян Генаға ауыр қарсылас болды деп ойламаймын. Себебі, Ванестің деңгейі қандай, Геннадийдің деңгейі қандай екенін өздеріңіз де білесіздер", — дейді Артаев. 

Олимпиада чемпионы Головкин енді қарсылас ретінде кімді таңдағаны дұрыс екенін де айтып өтті.

"Таңдауды маған салса, бірінші кезекте Деревянченкомен жұдырықтасып, өз титулымды қорғап қалар едім. Кейін Альвареспен кездесіп, есемді қайтарар едім. Кейін ғана Билли Джо Сондерспен жекпе-жек өткізіп, барлық белбеуді жинап, сонымен мансабымды аяқтар едім", — деп түйіндеді ол.