13 қар, 2023 сағат 16:35

Бақтиер Зайнутдинов алдағы ойындарға қатыса алмайды - ҚФФ

Фото: "Бешикташ" ФК

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов 2024 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу турнирінде Сан-Марино және Словениямен өтетін матчтарға қатыса алмайды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Федерациядан мәлім еткендей, Бақтиер «Бешикташ» – «Ыстамбұл Башакшехир» матчында мұрын сүйегі мен көз ұясының негізін сындырып алған.

Оның емделуіне кемінде 2-3 апта уақыт кетеді.

«Жоспар бойынша Бақтиер Зайнутдинов ұлттық құрама сапына бүгін қосылуы керек болатын. Өкінішке қарай, оқу-жаттығу жиынын және шешуші екі ойынды жіберуге мәжбүр.

Бәріміз Бахаға бар қолдауымызды көрсетіп, тезірек сауығып кеткенін тілейік, достар!» - деп жазды ҚФФ баспасөз қызметі өкілдері.