26 мам, 2021 сағат 12:57

Бағалы металдардың заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтіледі – Мәжіліс


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, заң жобасында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерге, «Прокуратура туралы» және «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңдарға түзетулер ұсынылады.

Олар мыналарды көздейді:

- кәсіпкерлерді қорғау бойынша жоғары қадағалау құралдарын күшейту, атап айтқанда, бизнес субъектілеріне мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының олардың қызметіне заңсыз араласу фактісі бойынша тікелей прокуратураға жүгіну құқығы беріледі;

- кәсіпкерлерді салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың қолданыстағы шектерін қайта қарау;

- кәсіпкерлікті қылмыстық қудалау органдарының шамадан тыс араласуынан қорғау және тіркелген кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттерін соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана жүзеге асыру;

- рейдерлік пен құқық қорғау және бақылаушы органдардың кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттеріне қарсы күресті күшейту, сондай-ақ бағалы металдардың заңсыз айналымына тосқауыл қоятын шаралар.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, сондай-ақ зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жеке бапты көздеу ұсынылады.

Тұтастай алғанда, заң жобасының нормалары азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыруға, прокуратураның қадағалауын кәсіпкерлердің проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің өз қызметіне заңсыз араласудан, бизнес субъектілерін қылмыстық қудалау аясына тартудан кепілдіктерін нығайтады, сондай-ақ осы түзетулер бағалы металдардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге мүмкіндік береді.