05 қаз, 2023 сағат 16:06

Нұрқанат Әжіқанов Азия ойындарының чемпионы атанды - видео

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық каратэші Нұрқанат Әжіқанов Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының чемпионы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған 22 жастағы отандасымыз финалдық белдесуде иорданиялық спортшы Хасан Масарвехтен 8:0 есебімен басым түсті.

Бұл - Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы сегізінші алтын медалі.

Ал әйелдер арасында 68 келіде сайысқа түскен Лаура Әлиқұл финалда қытай Ли Цяоцяодан жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.

Қазір Қазақстан 8 алтын, 13 күміс, 37 қоламен 11-орыннан 10-орынға көтерілді.

Бүгін, 5 қазанда ел спортшылары үш алтын иеленді. Бұған дейін велоспорттан Евгений Федоров, джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков Азия ойындарының чемпионы атанған.

Жалпы есепте Қытай (175 алтын, 96 күміс, 53 қола) бірінші, Жапония (39-51-59) екінші, Оңтүстік Корея (33-46-73) үшінші орында келеді. Өзбекстан (16-16-22) бесінші, Қырғызстан (3-0-4) 18-орында, Тәжікстан (2-1-4) 23-орында тұр. Түркіменстан бір күміс, төрт қоламен 29-орында.

Азия ойындары 8 қазанда аяқталады. Жарыстың аяқталуына үш күн қалса да, Қазақстанның алтын саны онға жетпеді. Бұған дейінгі Азия ойындарында Қазақстан кемі 15 алтын медаль алатын. Биылғы Азиадада Қазақстан 1994 жылдан бері алғаш рет жеңіл атлетикадан алтынсыз қалды. Сондай-ақ 2018 жылғы Азия ойындарында алтын алған дзюдошылар мен семсерлесушілер Қытайдағы жарыста алтын ала алмады.

Айта кетейік, Нұрқанат Әжіқанов - Токио Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионатынының 2 мәрте қола жүлдегері. Сондай-ақ оның еншісінде Азия чемпионатының үш алтыны бар.