03 қаз, 2023 сағат 13:47

Азия ойындары: ел қоржынына бесінші алтын түсті

© AP Photo / Christophe Ena

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Ханчжоуда өткен Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тас жолдағы веложарыста сынға түскен отандасымыз 39,7 шақырымға созылған жекелей есеп сайысында үздік нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды.

Алексей бұл қашықтықты 48:05.75 уақыт көрсеткішімен жүріп өтті. Ал күмісті олжалаған Қытай спортшысы екі минут артта қалды (50:05.83). Қола медальды гонконгтық велошабандоз Винсент Ван Лау иеленді (50:17.76).

Бұл - Ханчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына түскен бесінші алтын медаль.

Айта кетейік, Осыған дейін, Алексей 2014 жылы Инчхонда және 2018 жылы Джакартада жеңімпаз атанған еді.

«Алексейді жеңісімен құттықтаймын! Ол өзінің шеберлігін ғана емес, қайсарлығын да көрсетті. Бүкіл ел оны қолдады және қазір барлық қазақстандық оны мақтан тұтады», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.