Mercer халықаралық консалтинг компаниясы сырттан келетін шетелдік мамандар үшін ең қымбат қалалар туралы жылсайынғы есебін дайындады. Биыл сырттан келетін шетелдік мамандар үшін әлемнің ең қымбат қалалары рейтингінде Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласы көш бастап тұр. Тізімнің төртінші орнында Токио қаласы, ал алтыншы орнында – Шанхай қаласы орналасқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Human Resources Online ресурсына сілтеме жасап.
Mercer халықаралық консалтинг компаниясының жыл сайынғы рейтингіне бүкіл әлем бойынша 400-ден астам қала кіріп отыр.
Рейтингті жасау үшін қалалардағы 200-ден астам тауар атауы, соның ішінде баспана, көлік, азық-түлік, киім-кешек, үйге және ойын-сауыққа арналған тауарлар бағасы есепке алынады.
Зерттеу нәтижесі сырттан келетін шетелдік мамандар үшін ең қымбат 10 қаланың жартысынан көбі Азияда орналасқанын көрсетті.
Сонымен, 2021 жылы әлемдегі ең қымбат 10 қаланың тізіміне кіргендер:
Ашхабад, Түрікменстан;
Гонконг, Қытай;
Бейрут, Ливан;
Токио, Жапония;
Цюрих, Швейцария;
Шанхай, Қытай;
Сингапур;
Женева, Швейцария;
Бейжің, Кытай;
Берн, Швейцария;
Шанхай мен Бейжің қалалары тиісінше алтыншы және тоғызыншы орын алып, былтырғы жылмен салыстырғанда бір саты жоғары көтерілген.
Сингапур бесінші орыннан жетіншіге төмен түсті. Валюта бағамының ауытқуы мен дефляция салдарынан Бангкок 11 сатыға (46-шы орын) және Куала-Лумпур 8 cатыға (144-ші орын) сияқты көршілес қалалар да рейтингте төмен түскен.
Осы арада, Манила тізімде 78-ші орында, Джакарта – 104-ші орында, ал Хошимин - 143-ші орында орналасқан.
Бұған дейін үш жыл қатарынан тізімнің бірінші орнында тұрған Гонконг қаласы бұл жолы қазіргі кезде Азия және бүкіл әлемде сырттан келетін шетелдік туристер үшін ең қымбат қала саналатын Ашхабадқа орын берді.
BBC агенттігінің AFP-қа сілтеме жасап хабарлауынша, бұған Ашхабадта «елдегі жоғары инфляция» себеп болған.
Әлемде сырттан келетін шетелдік туристер үшін ең қымбат қалалар «ондығына» кірген еуропалық елдер арасында негізінен Швейцария қалалары бар: Цюрих (5-ші орын), Женева (8-ші орын) және Берн (10-шы орын).
АҚШ-та ең қымбат қала саналатын Нью-Йорк 14-орынға жайғасқан. Одан кейін тізімде Лос-Анджелес (20-ші орын) және Сан-Франциско (25-ші орын) тұр.