16 сәу, 2018 сағат 14:22

"Әзірет Сұлтанның" наиб имамы Оразаға дейін жасалуы тиіс 5 амалды атады

16 мамырда барша мұсылман жамағаты үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Қанат Қыдырминнен Рамазан айына қалай дайындалу керектігін сұрады.  

"Қазір біз Рамазанның алдындағы Шағбан айына кіріп жатырмыз. Ислам ғалымдары Рамазанға дайындықта бірнеше мәселені қарастырады. Ең бірінші, ол мұсылманның ниетін жаңартып алу. Яғни бір іске кіріспей тұрып, алдымен ниет ету бұл қайырлы іс болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "әрбір нәрсе ниетпен ғана дұрыс болады және адам ниет еткен нәрсесіне қол жеткізеді". Сондықтан да қасиетті Рамазан айының алдында ең әуелі ниетті дұрыстап алу керек. Рамазанның негізгі мақсаты туралы Алла Тағала Құранда былай дейді: "ей, иман келтіргендер, ақиқатында сендерге ораза парыз болды. Бәлкім, сендер Алладан қорқатын боларсыңдар" дейді. Рамазаннан шығудағы негізгі мақсат адам Алладан қорқып, имандылықпен шығуы керек. Ол тек сусыннан, тамақтан тыйылу емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: "кімде-кім жаман сөз сөйлеуін және жаман ісін тоқтатпаса, Алла Тағалаға оның тамақтан, сусыннан тыйылғаны қажет емес". Ендеше Рамазанның ішкі сыры –  тек тамақтан, сусыннан емес, жаман сөз бен істен, жаман ойдан тыйылу. Адам ізгілікті ниет етіп, жақсы жағына өзгеруге тырысу керек. Яғни, ең бірінші Рамазанға дайындық ниет арқылы болады", — деді имам.

Рамазан айына дайындық ретінде жасалатын екінші нәрсе – дұға тілеу. 

"Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  "Алла Тағала Ережеп айын, Шағбан айын берекелі етші және бізді Рамазанға жеткізші" деп дұға қылатын болған екен. Сондықтан әрбір мұсылман "Алла Тағала, Рамазанға жеткізе гөр" деп дұға етуі керек. Үшіншісі, егерде адам біреуге қарыз немесе аманаты болатын болма, Рамазан айына дейін құтылып, қасиетті айға таза, тәубемен кіргені жақсы. Рамазан – Алла мен құлдың арасындағы байланыс, ал біреудің заты адам мен адамның арасындағы хақысы. Сондықтан адамның хақысы желінген болса, Алланың алдында ол адамның орны биіктемейді. Ол адам қанша жерден намазда жылап тұрсын, қажылық қылсын, ораза ұстасын, бірақ  ол басқа біреуге қиянат жасап, алған затын қайтармай жүрген болса немесе алдап кеткен болса, Алла Тағала оның намазда жылап тұрғанын қажет етпейді. Өйткені бұл жерде адамның хақысы желініп тұр. Сондықтан Рамазанға дейін біреуден алған дүниені қайтарып, берген уәдені орындап, тәубе жасап, таза кірген жақсы", — деді Қыдырмин. 

Имамның айтуынша, мұның ішіне өткен Ораза айынан қалған қарызды ұстау да кіреді. Рамазан айына өткен жылдың қарызымен кіруге болмайды. Қарыз болса, осы Шағбан айында өтеп тастаған жақсы екен. 

"Төртінші мәселе, Рамазан айында мұсылман адамды ғибадаттан немесе құлшылықтан мазалайтын жұмыстар болатын болса, соларды Рамазанға дейін шешіп тастау. Бұл дегеніміз не? Кейбір кезде адамдар Ораза айының алдында бір істі бастап қойып, оны аяқтап үлгермей, Рамазан айында сол істің машақатымен жүріп, ауызшарға ғана көңіл бөледі. Сөйтіп жүріп Рамазан айындағы басқа ғибадаттардан жұрдай болып қалуы мүмкін. Неге?  Рамазанға жоспарсыз кіргендіктен. Сондықтан кез келген мұсылман Рамазан алдындағы дайындық ретінде осы айға үлкен сапарларды немесе той-думандарды жоспарламағаны абзал. Ондай істерді Рамазанға дейін немесе кейін жасау әдеміректеу болады. Бесіншісі,  өзі қуану, өзгені қуандыру. Өзі қуану – қасиетті ай келе жатыр деп, Алла Тағаланың қасиетті қылған нәрселеріне қуану.  Мұсылмандар Рамазан айының келе жатқанына қуануға тырысуы керек. Ал өзгені қуандыру деген не? Мысалы отбасылы адам үйде әйелімен, бала-шағасымен отырып, Рамазан келе жатыр, мұқтаж адамдарға тамақ таратайық, садақа берейік деп игі істерді жоспарлап, мерекеге дайындалғандай қуанып, өзгелерді қуандырса, бұл нұр үстіне нұр", — дейді имам.

"Сахабалар айтады: "Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) өте жомарт адам еді, бірақ Рамазан келген кезде одан сайын жомарт болып кететін еді" деп. Рамазан айында адам өзі өзгеруге тырысуы керек. Өйткені бұл Алла мен құлдың арасындағы сыр болып есептелінеді. Біз намазға жығылғандарды, қажылыққа барғандарды көреміз, ал ораза көрінбейтін ғибадат. Ішкі дүниесінің Алла Тағалаға толық берілуіне септігін тигізетін қасиетті ғибадат. Және де Рамазан айында сауапты амал жасаған болса, ай біткен соң да оны жалғастыруы керек. Егер Рамазаннан кейін де адамның мінез-құлқы, ізгі амалдары жалғасып жататын болса, бұл оның оразасының қабыл болғандығының әсері деп айтады ғұламалар", — деді Қыдырмин.