04 қаз, 2023 сағат 17:57

Азиада: Мейіржан Шермаханбет финалда жеңіліп, күмісті қанағат тұтты


Қазақстандық палуан Мейіржан Шермаханбет Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында грек-рим күресінен күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақ спортшысы финалда жапон Кацуаки Эндомен кілемге шығып, 4:3 есебімен жеңіліп қалды.

Белдесу барысында Мейіржан медициналық көмекке де жүгінді.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық палуан Азат Садықов (77 кг) қола медальді місе тұтты. Оның қарсыласы - камбоджадалық Сопхак Кео боз кілемге шықпағандықтан, жеңіс Азатқа бұйырды.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта сайысқа түскен отандасымыз Айдос Сұлтанғали қола жүлде үшін бәсекеде солтүстіккореялық Ри Се Унге 1:2 есебімен жол берді.

Айта кетейік, бұл - XIX жазғы Азия ойындарындағы Қазақстан құрамасының он бірінші күміс медалі.