14 қаң, 2021 сағат 12:20

Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Халықаралық Түркі академиясының алтын медалімен марапатталды

Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркі академиясының алтын медалі елшілер арасында алғаш рет беріліп отыр. 

«Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов мырза осы уақыт аралығында өте көп жұмыс атқарды. Елші болып тағайындала салысымен, академияға келіп, музейді құруға көмектесті. Өте көп шараларды бірге өткіздік, көптеген кітаптар аударылды. Біз Түркі академиясының арнайы шешімімен Рашид Маммадов мырзаны осы бес жылдағы қызметіне байланысты академияның арнайы алтын медалімен марапаттағымыз келіп отыр. Айта кетерлігі, елшілер арасында бұл алтын медаль алғаш рет беріліп отыр», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі елордада Әзербайжан туралы жаңа кітаптардың тұсаукесерінде. 

Өз кезегінде Рашад Маммадов Түркі академиясының ортақ игілік болып саналатынын жеткізді.

«Академия жылдар бойы тарихи, географиялық, әдеби және одан да басқа кітаптарды шығарып, Әзербайжанды бауырлас халықтарға, бауырлас халықтарды Әзербайжанға таныта алды. Ортақ тарихымыз бен ортақ географиямыз жазылды. Бүгін де мені арнайы алтын медальмен марапаттауды ұйғарған екен, мен атқарған, атқаруға тырысқан жұмыстардың барлығы – менің қызметтік міндеттім. Түркі академиясын дамыту мен халықтарымызды жақындата түсу – біздің басты мақсатымыз болуы керек», - дейді Әзербайжан елшісі.

Айта кетейік, Халықаралық Түркі академиясы Түркі Мемлекеттері Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қарабақ – Әзербайжанның жауһары: тарихы, мәдениеті, табиғаты», «Жоғалған бақыт: Қарабақтың шынайы оқиғалары» және «Әзербайжан Халық Республикасы» кітаптарын шығарды.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Бірінші хатшысы Музаффар Усманов, С.Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, Әзербайжан ұлттық мәжілісінің мәдениет комитетінің басшысы, қоғам қайраткері, журналист Ганира Пашаева және түркиялық жазушы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қырғызстан, Өзбекстан жазушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.