Әзербайжан бас прокуратурасы мен елдің ішкі істер министрлігі бірлескен мәлімдеме жасады. Олар Таулы Қарабақ аймағы жарылғыш заттан толық тазартылып, рұқсат берілгенге дейін ол жаққа баруға болмайтынын ескертеді, деп хабарлайды ӘЗЕРТАДЖ ақпарат агенттігі.
Бірлескен мәлімдемеде айтылғандай, ұзақ жылдардан бері атамекенін көрмеген әзербайжандықтардың сезімін түсінуге болады. Алайда кей азаматтар жасалған ескертуге қарамастан жаудан босатылған жерге өз бетінше барып жатыр.
28 қарашада 4 азамат Физули ауданына қарасты Горган және Ашағы ауылдарының арасында миналанған жер бар деген ескертуге құлақ аспай, 90-BL-558 нөмірлі Toyota Land Cruizer көлігімен сапарын әрі қарай жалғастыра берген.
Салдарынан танкке қарсы қойылған мина жарылып, төртеуі де қаза тапты.
Осыған байланысты елдің ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура халыққа тағы да ескерту жасады. Жаудан босатылған аумаққа арнайы рұқсатсыз баруға болмайды.
Ол аймақтар мина және басқа да жарылғыш заттан толық тазартылған кезде ғана рұқсат беріледі.