Коллаж: Ult.kz
Желіде режиссер Айсұлтан Сейітовтың «Dope soz» подкастындағы мәлімдемесі қоғам арасында дауға айналды. Атап айтқанда, Сейітов «Оян, қазақ» фильмі халық арасында ашу мен агрессия туғызғанын байқағанын жеткізді. Фильм ұлтараздық мәселенің өршуіне ықпал еткен, себебі фильмнен кейін кейбір жасөспірімдер өзге ұлт өкілдерінен өш алуды көздейтіндерін айтқан, деп хабарлайды Ult.kz.
Асфальтта өскен қазақ
Режиссердің мәлімдемесіне «Оян, қазақ» фильмінің продюсері Айсәуле Әбілда өзінің Facebook парақшасында жауап берді.
«Оян қазақ» фильмі адамдардың агрессиясын тудырды» деп пікір білдіретіндей, қанша адамнан сауалнама алып, қорытынды шығарғаны да қызық болып тұр, алайда айтпағым ол емес. Ашу мәселесіне келсек, ол біздің ішімізде сол «Оян, қазақ» кітабы жазылғаннан бері, яғни 115 жыл бойы келе жатқан сезімдер ғой, алайда сізге оны түсіну қайда?! Себебі, сіз әу бастан орыс тілді, асфальтта өскен жігітсіз. Сіздің қазақ тілінде сөйлей тұра, өз еліңде дискриминацияға ұшыраудың не екенінен хабарыңыз да жоқ. Сіздің банкке барып, таза қазақ тілінде құжатты талап етіп, 3 сағат күткен тәжірибеңіз жоқ, себебі сізге беретін қағазда бәрі түсінікті, сіз әуежайда қазақ тілін талап етіп, хат жазбайсыз, сіз әр дүкенге кіріп, жарнаманың қазақ тілінде болу керегін ескертіп, стреске түспейсіз, қорланбайсыз. Сіздің орыс тілділердің өктем дауысын, кемсітуін сезетін рецепторыңыз жоқ. Сіздің жол қашаннан даңғыл», - деп жазды Айсәуле Әбілда.
Продюсер «Оян, қазақ» бізге ішкі сезімдеріміз бен тарихи травмаларымызға топтық терапия жасауға ғана көмектесті дейді, әйтпесе ол фильмнен кейін ешкімнің көзі шығып, беті іскен жоқ.
«Ондай ұжымдық терапияның біздің жанымызға қаншалықты қажет болғанын 27 жасына дейін қазақ тілін ағылшын секілді судыратып сөйлеп кете алмаған сіз сезіне алмайсыз. 30 жасқа жеткен кез келген адамға «осозанность» деген күй келеді, дәл сол секілді тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толғанда бізге де сондай кезең келіп тұр дәл қазір, «Оян, қазақтың» жазығы сонымен тұспа-тұс келгені шығар. Біз секілді қазақы адамдарға ең болмағанда кино арқылы сезімімізді шығаруға рұқсат берсеңіздер жөн еді. Жалпы, пікіріңізге рахмет, алайда біз онымен келісе алмаймыз. Біздің қазақы қоғамның есейгені соншалық, өз туған еліне құрмет ретінде қазақ тілін еркін сөйлеуді осы күнге дейін үйрене алмаған адамдардан ақыл қабылдай алмай қалғанбыз, мейлі ол әлемнің режиссері болса да», - деді Айсәуле Әбілда.
«Енді қайталанбайды»
Осыдан кейін продюсердің айтуынша, Айсұлтан Сейітов оған хабарласып, болашақта сөзіне абай болатынын айтқан.
«Ол өз қатесін түсінді, бұл мәселені тезірек шешіп, тақырыпты жапқысы келетінін айтты. Бірақ, мен постымды фильм көрермені алдында айтылған сөзге жауапкершілік алып, кешірім сұраса ғана өшіретінімді айттым. Бұл мүмкін арасы алшақтап кеткен қос тілді қоғам мүшелерінің бір-бірімен компромиске келуінің алғашқы қадамдары шығар, кім білсін», - деп жазды продюсер.
Алайда Айсұлтан Сеитов тарапынан кешірім жазба да, басқасы да болған жоқ.
Қазақтілділер мен орыстілділер арасындағы мәселе
Желі қолданушысы Азамат Әбілқайыр Сейітовтың фильмдерін қазақтілді орта қабыламайтынын айтты, өйткені қазақша ойланбай, мәдениетін сіңірмей тұрып, бірдеңе деу орынсыз.
«Мен жоғарыдағы сериалды, режиссерді де қорғап тұрған жоқпын. Айтқым келгені, осындай жарытып не қазақша сөйлей алмайтын, қойыртпақ нәрселер жасап жүретін типі заманауиларды көптеген атқамінер шенеуніктер әулие тұтады. Соларға миллиондап ақша береді. Ал қазақтілді, қазақша ойлайтындар әлгі көкелердің ұғымында бадырақ біреу. Олардың ұғымында биік өнер иесі тек орысша сөйлеу керек.
Сосын келіп, “Қазақша дубляждадық, өйттік-бүйттік. Әне, өздерің бармайсыңдар” дейді. Әрине, бармайды. Өйткені, мәдениеттің айналасындағы шенділер қазақша сөйлейтін, қазақ тілінде ойлайтын өнер адамына мұрынын шүйіріп қарайды», - деп тағы бір мәселенің ұшын шығарды.
Жуазушы, баспагер Арман Әлменбет Айсұлтан Сейітовке қазақтілді аудиторияға оралуды ұсынды, айтуынша, оның нағыз аудиториясы солар.
«Әріптестер туралы жаман айту — әдепсіздік. Егер жастар «Оян, қазақ» фильмін солай қабылдаса, бұл авторлардың кінәсі емес. Жас жігіттер дәл сондай видеоларды «Қаш» фильмінен кейін де түсіруі мүмкін еді. Өйткені ашаршылық – ауыр тақырып, және бұл мәселені бүгін болмаса, ертең талқылауымыз керек. 6 миллион қазақтың саны 2 миллионға дейін қысқарды. Бұл қалай ашу-ызаны тудырмайды?
Айсұлтан, біз сені жақсы көреміз және бір күні қазақтілді аудиторияға қайта оралады деп үміттенеміз. Сенің түп-тамырың осында, сенің нағыз аудиторияң да осында», - деп жазды ол.
Тағы бір қолданушы режиссерге күрделі фильмдер түсіру үшін терең түсінік керегін жазды.
«Эх, қазақтың тарихы, мәдениеті мен рухы жайлы кино түсіру үшін қазақша ойлап, жүрегің қазақ деп соғуы керек. Айсұлтанның ойы, құндылықтары қазақы рухтан алшақ болғандықтан, терең ұлттық рухани дүниені түсінбей тұр. Продюсер досына қарап ұлтараздық мәселесіне кіре алмадым деу, көп нәрсенің байыбына бара алмайтын, тек біржақты қарайтынын көрсетеді. Саған кино түсіру ерте деп айтайын десем, ығай мен сығайдың бәрі арзан бос дүние түсіріп жатыр. Әлі де буыны қатпаған бала екені көрініп тұр, біраз білім алып, кемел ер азамат болуды бұйыртсын», - деп жазды қолданушы.
Еске салайық, «Міржақып. Оян, Қазақ!» — Міржақып Дулатов туралы түсірілген көркем фильм. 2023 жылдың қыркүйегінде фильм қазақстандық прокатқа шығып, 1 млрд теңгеден астам касса жинады.
Анара Бауыржанқызы