Алақандай айна мен тiлдей тарақ сәл жерде сөзге келiп қалды. Айна айтты:
– Әй, кетiк, тiсiң түсiп қалыпты ғой!
– Түссе ше, қалғаны да жетедi! – дедi тарақ.
– Немене, тiсiң көп пе?
– Көп. Сенбесең, сана!
– Көп болғанмен, күтпесең, басқалары да түседi, – дедi айна тараққа тақалып.
Тарақ айтты:
– Өзiң бiреумен төбелескенсiң бе, шекеңде жарақат бар ғой?.. Жайыңа қарап тыныш жүрмейсiң-ау!
– Кеше абайламай үстелден құлап қалдым, – дедi айна, шекесiн сипап.
– Байқа, одан да биiктен құласаң, быт-шыт боласың, – деп ескерттi тарақ.
Кезек айнаға келдi:
– Сенiң осы бiреудiң шашын тарағаннан басқа бiтiретiнiң бар ма?.. Жұмыссыз қалай iшiң пыспайды?
Тарақтың да айнаға тағар кінәсі табылды:
– Шаш тарасам, ол аз шаруа емес… Сенiң де нендей iс тындырып жатқаныңды бiлемiз. Әркiмнiң бетiне бiр қарайсың, сол да жұмыс па? «Құлаған сүрiнгенге күледi» деген осы.
– Сен олай деме, мен жұрттың бетiне қарамаймын, қайта олар маған қарайды! – дедi айна, бетiн бiр сипап.
– Олар саған қарайтындай, сен соншама сұлу ма едiң? Бар болғаны айнасың ғой!..
– Бәрекелді, сөз болғаныңа. Жұрт маған қарап жүзiн көредi, жағасын түзейдi. Қыздар ернiн, кiрпiгiн бояйды. Тiптi, өзiң де шаш тарағанда маған қарайсың ғой! – дедi айна есесiн жiбермей.
– Сен олай өтiрiк айтпа. Мен ешқашан қараған емеспiн. Тарақ айнаға қарайды дегендi кiмнен естiдiң? – дедi тарақ тiсiн шұқып…
Осы мезетте бөлмеге Бәтима кiрiп келдi. Үстел үстiнде айтысып жатқан айна мен тарақ жым болды. Бәтима оқу құралдарын сөмкесiне салып, айнаға қарап, шашын тарады да мектепке кеттi. Сөмкенiң iшiнде алақандай айна мен тiлдей тарақ та кете барды.
Мұхтар ҚҰРМАНӘЛИН