Мектеп мұғалімдері арасында өткізілетін «Үздік педагог» конкурсына өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауының ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілетінін жариялаған болатын.
«Бұл жобаны тағы бір апта талқылаймыз. Одан кейін қазан айының соңына дейін бұйрық қабылдауымыз керек. Биыл болатын «ЖОО-ның үздік оқытушысы» конкурсын аталған бұйрық аясында өткіземіз. Сондықтан өздеріңізде ұсыныс болса, беруге мүмкіндік бар. Бұл - өте маңызды байқау. Бізге керегі – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Цифрландыру мәселесін шешуіміз керек. Әдістемелік тұрғыдан да жаңартуымыз қажет. Көрсеткіштер бойынша біраз өзгеріс болады. Сондықтан бұл өзгерістерді қабылдап, одан кейін әріптестерімізге жеткізуіміз қажет. Ең бастысы - осы үлкен конкурсымызды әділ әрі ашық өткізуге тиіспіз. Өйткені әртүрлі алып-қашпа сөздер бар. Ашық болса сенім де қалыптасады», - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиынында.
Сонымен қатар, министр мектеп мұғалімдеріне арналған «Үздік педагог» конкурсына да өзгерістер енгізілетінін айтты.
«Мектеп деңгейінде өтетін байқау бойынша да осындай өзгерістерді іске асыратын боламыз. Сондықтан комитет төрағасына осыны тапсырамын. Цифрландыру, ашық өтуі, оның әдістемесінің болуы мәселесі бойынша жұмыс жүргізу керек», - деді Асхат Аймағамбетов.