«Манчестер Юнайтед» футбол клубының шабуылшылары – Уэйн Руни мен Златан Ибрагимович қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне қатысып, GGG-ге қолдау көрсетуді көздейді. Алдағы аптада қыркүйектің 10-ы жерлесіміз британдық Келл Брукпен кездеседі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
«Өткен сенбі күні «Халлмен» болған ойыннан кейін маған Уэйн Руни хабарласты. Оның айтуынша, Златан – қазақстандық боксшы Головкиннің үлкен жанкүйері. Оның жекпе-жекті өз көзімен көргісі келіп отырғанын жеткізді. Әлбетте, мен «Сөз жоқ, келсін» дедім. Сол күні оларда манчестерлік дерби болады. Соған қарамастан, олар үлгеруі керек. Шынымен де, бұл жекпе-жек – үлкен оқиға. Оған көптеген актерлар мен спорт жұлдыздары қатысады», - дейді британдық боксшының промоутері Эдди Хирн.
Айта кетейік, қыркүйектің 10-ы күні «Манчестер Юнайтед» футбол клубы өз жерінде «Манчестер Ситимен» кездеседі. Аталған матч Астана уақыты бойынша сағат 17:30-да басталады. Осы ойыннан кейін Руни мен Ибрагимович көлікпен 335 шақырым жолды еңсеріп, Головкин-Брук жекпе-жегін тамашалауды көздейді. Бұл жекпе-жек Астана уақыты бойынша сағат 23:00-ден кейін басталады.