Екінші дүниежүзілік соғыста есімі көпке белгілі болмаса да, талай жауды жайратып, жеңісті жақындатуға айтарлықтай үлес қосқан белгісіз жандар қаншама. Солардың бірі жамбылдық мерген – Әбіл Нүсіпбаев еді. Ол Әйгілі мерген, Халық қаһарманы Төлеуғали Әбдібековтің майдандас, айрылмас досы болған.
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының тумасы Ә.Нүсіпбаев Екінші дүниежүзілік соғыста әйгілі генерал И.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясының сапында соғысқан. Қордайлық жауынгер майданда өзінің ептілігімен, өжеттігімен, құралайды көзге атқан кәнігі мергендігімен көзге түсіп, аса маңызды тапсырмаларды орындаған. Ресми де бейресми деректер оның 300-ден аса жаудың көзін жойғанын көрсетеді. Алайда командирлері қанша ұсынса да бұл азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы сол күйі берілмеді.
Жамбылдық белгілі журналист, өлкетанушы Құрманбек Әлімжан сонау кеңестік кезеңнен Әбіл Нүсіпбаевтің өмір жолын, жауынгерлік ерлік әрекеттерін зерттеумен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға мақалалар жазды. Тіпті оның батыр туралы зерттеу материалдары жинақ кітаптарға да енді. Ондағы мақсаты – еліміздің ең жоғарғы марапаты «Халық қаһарманы» атағын бергізту. Журналист Қ.Әлімжан Ә.Нүсіпбаев туралы еліміз тәуелсіздік алмай тұрып ізденіп, мәселе көтерген екен.
«1987 жылғы Жеңіс мейрамын тойлау салтанатында аулымызда соғыстан қайтпай қалған сарбаздарға арналып Өшпес даңқ алаңы ашылып, онда алып гранит тақталарға қаракемерлік боздақтардың есімі қашалып жазылды. Сол тақтадағы 241 жерлесіміздің бірі – 316-шы атқыштар дивизиясының сұр мергені Әбіл Нүсіпбаевтің есімі мені ерекше өзіне тартты.
Содан бері соғыста жалғыз өзі үш жүзге тарта жаудың көзін жойған батыр туралы деректерге тереңірек ден қойып келемін. Осы мақсатта оның ерлігінен сыр шертетін сарғайған құжаттар мен газет тігінділерін ақтару үшін дивизияның Алматы мен Қырғызстан астанасы Бішкекте орналасқан музейлерінде болдым. Ізденіс барысында мергеннің көзі тірі қаруластарымен, туыстарымен және көзкөрген куәгерлермен жүздесудің де сәті түсті. Жыл өткен сайын батыр жайлы жинаған материалдарым молайып келеді, тіпті бүгінгі күннің өзінде тың деректер мен жаңа мәліметтер табылып жатыр», – дейді Қ.Әлімжан.
Әбіл Нүсіпбаев өмірбаяны
Әбіл Нүсіпбаев 1914 жылы Қордай ауданының Қаракемер ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, кейін Алматыда білім алады. 1936 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста шекара күзетінде қызмет атқарған. 1939 жылы Жапониямен болмен әскери қақтығыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1940 жылы ДОСААФ атқыштар клубында нұсқаушы болып жұмыс істейді. 1941 жылы соғыс басталғанда 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеуді қорғауға қатысады. Сол дивизияда аты шыққан мергендердің бірі ретінде Әбілдің ерлігі ерекше аталады. Майдандық газеттер де ол туралы аз жазбаған. Бұл туралы журналист Құрманбек Әлімжанның қолында құжат аз емес екен.
«Мәселен «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 9 қазандағы нөмірінің бірінші бетіне кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені бар Әбілдің мергендік винтовка ұстаған жауынгерлік фотосы басылған. Суретті айшықтап тұрған тақырып: «Ол 52 немістің көзін жойды!». Ал фото астындағы мәтінде «Панфилов дивизиясы өзін өшпес даңққа бөледі. Оның жауынгер-гвардияшылары – атқыштар мен артиллеристер, мергендер мен минометчиктер фашистерге аяусыз соққы беріп келеді. Осы дивизияның орденді мергені аға сержант Әбіл Нүсіпбаев 52 немістің көзін жойды. Оның 25 шәкірті де ондаған фашисті жайпап салды» делінген.
Сондай-ақ Бішкектегі панфиловшылар музейінде дивизиялық «За Родину» газетінің 1942 жылғы 20 қарашадағы нөмірінің фотокөшірмесінде де Әбіл туралы керемет дерек бар. Онда Ә.Нүсіпбаевтің басылымның бірінші бетінде 88 фашисті жер жастандырғаны жайлы сүйінші хабар жарияланыпты», – дейді журналист Құрманбек Әлімжанұлы.
Сол музейде мергеннің 159 фашисті өлтіргенін дәлелдейтін мергендік кітапшасы сақталыпты. Ал винтовкасы Алматыдағы Орталық мұражайда екен.
1942 жылдың көктемінде мергендер тобының жетекшісі А.Солдатов қаза табады. Ол кейін мергендерді басқарған Әбіл Нүсіпбаевтің сүйікті үстазы болған еді. Көңілін қимастық қинап, кеудесін ашу мен кек кернеген Әбіл жаудан өш алуға бекініп, жауынгерлік серт берген екен. Сертінде тұрған мерген Әбіл небары екі айда 105 фашисті жер жастандырыпты.
Кейіпкеріміздің тегін адам емес екенін айғақтайтын тағы бір материалдан үзінді келтіре кетсек.
Дивизияның полк комсоргі, батальон комиссары, полк командирінің орынбасары қызметтерін атқарған жауынгер жазушы Балтабек Жетпісбаев та өз естеліктерінің бірінде Әбіл Нүсіпбаевтің мерген ғана емес, керемет жетекші, мықты ұстаз әрі ұйымдастырушы бола білгенін де сипаттайды.
«Алматыдағы атқыштар клубында оқып үйренген мергендер Әбіл Нүсіпбаев пен Төлеуғали Әбдібеков панфиловшылар қатарында жүріп, ұрысқа қатысты. Әбіл дивизиядағы мергендер тобын басқарды. Оның командасындағы бес мерген 1943 жылғы майға дейін жаудың 678 солдаты мен офицерінің көзін жойды. Осы ерлігі үшін Ә.Нүсіпбаев екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды». (Б.Жетпісбаев, «Жорық жолдары», 1968 жыл, 157-бет).
Соғыс жылдарында майдан даласынан хабар таратқан фототілші Иван Нарциссовтың тағы бір хаты мен суреті 1944 жылғы 13 наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған еді. Онда Нарциссов бұл фотосуретті 1943 жылдың жазында Калинин майданында, Әбіл Нүсіпбаевтің неміс офицерін атып түсірген сәтінде түсіргенін айтады. Ол хатында: «Ә.Нүсіпбаев өзіне сеніп тапсырылған винтовкамен 252 жау солдаты мен офицерін және бір ұшақты жойды», деп жазған.
Айтпақшы, 1943 жылдың жазында «Қаракемер» колхозының сол кездегі төрағасы Омар Құдашбаевтың атына полк командирі, гвардия подполковнигі Уралский мен батальон комиссары Астаховтың атынан келген хатта Әбілдің марқұм ұстазы Солдатовтың қазасы үшін жаудан қалай кек алғаны баяндалыпты. Хат авторлары колхозшыларға жерлестерінің оғы мүлт кетпес мерген екенін айта келе, командование Әбілге өте айлалы жау мергенін торуды тапсырғанына тоқталады. Әрі Әбілдің онда кеткен кегі бар.
Түнгі торуылда фашистің үш офицерін бірінен соң бірін жайратқан Әбіл сол сәтте жау мергенінің нысанасына түсіп қалған екен. Бағына қарай, оқ темір дулығасын жанап өтіп, самайын ғана жаралапты. Қас-қағым сәтте позиция ауыстырып үлгерген Ә.Нүсіпбаев маңдайынан аққан қанға қарамай, шалқалап жатып биікке орналасқан жаудың екінші мергенін баудан түсіріпті.
«Осы ерлігі оны зор даңққа бөледі. Біз оны жоғары наградаға ұсындық. Ол тек бір айдың ішінде ғана 64 фашистің көзін жойды. Ал жалпы 260 немісті өлтірді. Сіздердің осындай ұл өсіргендеріңізге Отан атынан рахмет айтамыз!», делінген екен майданнан жеткен тарихи хатта.
Келтіре берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Бәрінде батырдың ерлікке толы хикаяларын баяндайды. Сол жылдары жұрт үлкен үміт артқан 316-шы атқыштар дивизиясының да даңқы аспандап келе жатқан кез. Ал ол абырой осы Әбілдей жаужүрек жауынгерлерінің жанқиярлығымен келген еді.
Алматыдағы атқыштар клубында танысқан Төлеуғали Әбдібеков пен Әбіл Нүсіпбаев майданда да ажырамас дос болған. Екеуі де сұңғақ бойлы, аққұба өңді, бір-біріне ұқсас жауынгерлер. 397 фашистің көзін жойған Төлеуғали бірнеше рет Батыр атағына ұсынылса да, әкесінің «халық жауы» атануы оған жоғары награда алуға кедергі болған. Тек 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Т.Әбдібеков пен жамбылдық мерген Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, марапаттары ұрпақтарына табысталды.
«Т.Әбдібековтің айрықша ерлігінде Әбілдің де үлесі болғаны даусыз. Олар көбіне бірге жүрді, неміс мергендерінің жасырынып жатқан жерін білу үшін бірі ағаш қуыршаққа каска кигізіп әрлі-берлі қозғалтатын, екіншісі винтовканың оптикалық құралымен қас қақпай аңдып жатып, жыбыр еткенді қалт жібермеген», – деді Қ.Әлімжан.
Өкінішке қарай, екі арыс бірінің артынан бірі қаза тапты.
Әрине, Әбіл Нүсіпбаевтің үш жүзге жуық жауды жер жастандырғаны – жай ғана сөз емес, нақты деректермен дәлелденген көрсеткіш. Мәселен, 1942 жылғы 9 қазанда шыққан «Комсомольская правда» газетінде оның 52 немісті жойғаны жазылса, қараша айында жарық көрген «За Родину» дивизиялық басылымы бұл көрсеткіштің 88-ге жеткенін хабарлайды. Ал Бішкектегі мергендік кітапшасында 159 жау сарбазының көзі жойылғаны тіркелген.
Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай «Социалистік Қазақстан» газетінде фототілші И.Нарциссов жариялаған естелігінде Әбілдің 252 жау мен бір ұшақты атып түсіргені жазылған. Ал 1943 жылы полк командирі мен батальон комиссары ауылдағы колхоз төрағасына жолдаған хатында бұл сан 260-қа жеткені айтылған. Оның бұл көрсеткішті арттыра түсуі де мүмкін, өйткені ол кейін де майданда соғысқан еді. Айта кетерлігі – мергендік кітапшалар арнайы бақылаушы бөлім тарапынан толтырылатындықтан, деректердің дәлдігіне күмән жоқ.
Иә, Әбіл Нүсіпбаев туған жеріне оралмады. Дегенмен оның есімі ел есінде: 1992 жылы туған ауылындағы мектеп пен бір көшеге есімі беріліп, мектеп ауласына ескерткіші қойылды. 2014 жылы батырдың 100 жылдығы аталып өтті. Алайда кеңестік билік оған «Батыр» атағын бермеді. Бұл – Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев сынды ерлердің де ерлігін елемеуге тырысқан кеңестік шовинизмнің салдары болса керек.
Бүгінде батырдың жерлестері Әбіл Нүсіпбаевты «Халық қахарманы» атағына ұсынып, Қордай ауданының ардагерлер кеңесі, ауданның бірқатар Құрметті азаматтары тиісті құжатты Қордай ауданының әкімдігіне өткізген. Аудан басшылығы ол ұсынысты заң аясында қарау үшін облыс әкімдігіне жолдағандарын хабарлапты.