06 ақп, 2025 сағат 14:06

Әйел тақырыбына арналған кітап: Айбибі өмірде бар кейіпкер ме?

Фото: «Alqa Publishing» баспасы, Kaspi.kz

 

«Alqa Publishing» баспасының «Алқа» грантын иеленген қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызының «Айбибі» және жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Жүректің көз жасы» атты кітаптары тасқа басылып шықты, деп жазады Ult.kz тілшісі.


Әйел тақырыбына арналған жобаның мақсатын таныстырған «Аlqa Publishing» баспасының бас редакторы Баян Хасанова жобаның мақсатын таныстырды. Оның айтуынша, байқауға 20 шығарма қатысқан екен. Жеңімпаздар осы шығармалардың арасынан анықталған.


Фото: massaget.kz


«Белгілі әдебиеттанушы, ғалым, қаламгерлерден құралған сарапшылар тобы байқауға қатысқан повестердің бірін қалдырмай оқып шықты. Бір ескеретіні, қазылар алқасы шығарма авторын білген жоқ. Себебі ұйымдастырушылар шығарманың әділетті бағалануына айрықша мән берді», – дейді Б.Хасанова.


Сонымен қатар, баспаның бас редакторының айтуынша, жеңімпаз атанған туындыларды болашақта басқа тілдерге тәржімалау мүмкіндігін қарастырылып жатыр.


Қазылар алғасы осы жоба аясында әйел тағдырын арқау еткен көптеген шығарманы оқыған. «Алқа» гранты әйел тағдырының көркем шығармаға айналуына қатысты өзекті мәселені қолға алған екен. Қазыларға жеткен шығармалардың төртеуін іріктеп алып, оның ішінен екеуі жүлде алған. Нақты жүлдегер туындыны таңдадық деген кезде ғана авторлардың аты-жөнін айтылыпты. Бұл байқаудың әділ өтуіне бірден бір себеп болса керек.


Жеңімпаз болған Гүлзейнеп Сәдірқызының повесі «Айбибі» деп аталады. Автор бұл шығармасында тіршіліктің тұтқынына айналып, өз арман-мақсатынан адасып қалған Айбибінің өмір жолына үңіледі. Айбибіге тағдырдың ауыр сынағы әу бастан маңдайына жазылған ба дерсіз. Сіңлісі Айбақыт екеуі кішкене күнінен ата-­анасынан айырылып жетім қалады да, нағашы ағасының қамқорлығына өтеді. Жетімдіктің тақсыретін бала күні тартты ма, тарта қоймады ма, – жазушы ол жағына оқырманның назарын көп аудара қоймайды. Себебі басты тақырып әлі алда тұрғанын меңзейтіндей. Білетініміз – қос бауыр нағашы ағасының қолында біреуден кеш, біреуден ілгері, ең бастысы, шаруаға мығым, өз ісіне пысық, оқуы да жақсы болып бойжетеді.   Мектебін аяқтап, оқуға түсе алмай қалған Айбибіні бұрыннан көзі түсіп жүрген, жасы әлдеқайда үлкен Ризық жар етіп алады да, әйелдің тауқыметті тағдырын суреттеген шығарманың шиеленісті, кейде ащы мысқылға толы оқиғасы баурай түседі. «Барған жеріме тастай батып, судай сіңемін» деген ұстанымдағы Айбибінің әу бастағы қамқоршысы енесі еді. Енесі бетін бақиға бұрған соң күйеуі Ризық пен қайын сіңлісі Гүлназияның қатқылдығы мен қаталдығы Айбибінің жұмсақ жүрегін жанши түседі. 


Кітаптың авторы Гүлзейнеп Сәдірқызы шығарманың басында 15 еттік әңгіме болып жазылғанын айтады. Сосын жоғарыда аталған әйелдер туралы байқау жариялаған кезде оны повес деңгейіне жеткізіп, ұсынған. Автор туындыны жазуға  бас-аяғы 4-5 айдай уақыт жұмсапты.


Фото: almaty.tv


«Бұл шығарма таза өмірден алынған. Себебі, бұл жерде менің журналистік еңбегімде алдыма талай тағдырлы адамдар келді. Арамызда жүрген әйелдер көп. Оның үстіне өзім де әйелмін, анамын. Енді көңілге түйіп жүреміз. Бұл сол әйелдердің жиынтығы. Шығарманың ішіндегі барлық оқиға, барлық детальдер өмірден алынған. Егер қиялдан жазайын десеңіз, оны жаза алмайсыз. Оны бастан өткізген адам ғана сондай бастан нәрсені айтқанда ғана адамға қабылданады. Сондықтан менің шығармам жалпы әйел адамның басында, оның үстіне қарапайым қазақ әйелінің момындығы, төзімділігі, көнбістігі, үміт дүниесін күтетіні көрсетіледі.
Ешкім үйленгеннен кейін жақсы дүние болады, бір жақсылық болады деп өмір сүреді. Ал Айбибі сіңлісі екеуі жетім қыздар, мен жақсылық жасап, ана адамның барлық жасаған әрекеттерін кешіріп, шешесіне, қайын сіңлісіне жақсылық жасап, соларды жеңемін деп ойлады. Айбибі жай адам емес, ол көкірегі ашық, оқитын адам. Ал оны олар түсінбеді, оның жетімдігін басынды.
Айбибі барлық жағдайды түсінуге тырысумен, кешірумен бәрін жеңемін деп жүрген әйел. Күйеуінен көңілі қалған соң, балаларына масыл болмауды ойлайды.
Қысқасы, кейіпкердің күйеуі қазіргі тілмен айтқанда, абьюзер ғой. Адамды моралдық тұрғыда таптап, әйелдің тұлғалық қасиетін құнсыздандырып, кемсіту, менсінбеушілік, қолдамау, әйелді түсінгісі келмейтін, оған зат ретінде қарап, өзін меншіктеп алған, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын еркек болып отыр. Өзі сараң, еш нәрсені сеніп тапсырмайды, өзіне қабылдамаған, менің адамым, балаларымның анасы, жанашырым, Құдай қосқан қосағым деп ойлай алмайтын кейіпкер болып отыр», – дейді Гүлзейнеп Сәдірқызы.


Айбибі жан жарының сатқындығын да, көзіне шөп салғанын да, сараңдығын да, қатыгездігін де, қайын сіңлісінің долы мінезі мен удай ащы тілінен төгілген ауыр сөзін де көтерді. Көз жасын жұта жүріп қандай кедергіден де жалғыз өтті. Бір әйелдің басына үйіліп-төгілген мұншама опасыздықтан оқырман да аза бойы қаза болып, автор неліктен әйелге осыншама ауыр тағдырды қиып, шығармаға айналдырды екен деп те ойға берілесіз.



Фото: «Alqa Publishing» баспасы, Kaspi.kz


Айбибі түсе алмаған оқуға сіңлісі Айбақыт түсіп, оны үздік аяқтап, өмірлік жарын кездестіреді. Ата-енесі де білімді, зиялы адамдар. Құдай қосқан қосағы да жарын алақанына салып аялай білетін жан. Демек, Айбибінің сіңлісіне тілеген тілегі қабыл болғаны, өміріндегі жарық сәуленің сөнбегені.  Айбибінің өміріндегі жарығы мол сәуле – оның балаларының өмірден өз жолын тауып, Айбибінің оқысам деген арманын жалғауы. Иә, Айбибі ұмтылған алып шаһарларға балалары жетті, Айбибі аңсаған білім нұры балаларының көкірегіне құйылды. Айбибі ұмтылған биіктерді балалары бағындырды. Айбибінің өміріндегі жарық – ауыл адамдарының Айбибі дегенде шығарға жаны бөлектігі десек те болғандай. Бір қарағанда момын, тіптен жігерсіз болып көрінетін басты кейіпкердің мейірімі, адалдығы, жұмсақтығы айналасына сәулесін төгіп, сол сәуле Айбибінің өзіне қайта жететіндей көрінеді. 


Сыншы Әмірхан Меңдеке аталған шығармада біздің қоғамда әйелге деген көзқарастың қандай екені анық әрі дәл суреттелгенін айтады.


Фото: adebiportal.kz


«Біз байқай бермеспіз. Бірақ қоғамда әйелге деген немқұрайдылық, әйел еңбегіне деген немқұрайдылық бар екенін мойындауға тиіспіз. Шығармада сол немқұрайдылық жақсы суреттелген екен. Ризық әйелі ауырғанда оның еміне қаражат беру үшін жылқысын сатуға қимайды. Есесіне Айбибі көз жұмғанда «келген жұрттың қарасы көп, ыңғайсыз болмасын» деп екі жылқысын союға бейіл. Сол жылқыны әйелі көз жұмғанда емес, көзі тірісінде қиса қане?» – дейді Әмірхан Меңдеке.


Осыншама мол сәуле мен мейірім Айбибінің аяулы басының амандығын сақтай алмай қалатыны жанды ауыртады. Бұл өмір де, жалпы көркем әдебиет те «бәрі де бақытты, бақуатты ғұмыр кешіпті» деп аяқталатын ертегі емес қой. Күйеуі мен қайын сіңлісінен көрген қорлығына үнсіз төзген Айбибінің денсаулығы сыр береді. Емдеуге алып кеткісі келген сіңлісінің де, балаларының да айтқанынан бас тартқан Айбибі көмекті жан жолдасы Ризық көрсетер деп үміттенген еді. Жақсылығын асырып, жамандығын жасырып келген Ризығы соңғы сәтте райынан қайтып, жарын аурудың алақанынан алып қалар дегенді ойлаған еді. Өкінішке қарай, әу бастан жалғыз ұл болып өзімшілдіктің тағынан түспей жүрген күйеуі әйелінің еміне қаншама жыл тірнектеп жиған (ол малда Айбибінің де қақысы бар еді) бір жылқысын да қимайтыны қоғамдағы әйел затына деген немқұрайдылықтың бір сипатын суреттеп тұрғандай. 

Ақбота Мұсабекқызы