Фото: ашық дереккөз
Қазақстандық белгілі актер Болат Әбділманов жақында шыққан отандық фильмге қатысты пікір білдіріп, жұртшылық арасында қызу талқы тудырды. Өнер иесі кинодағы әйелдер мен ерлердің рөлі ауысып бара жатқанына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Актер бұл фильмде ер адамдарды әйелдерге толықтай бағынышты етіп көрсеткеніне наразылығын білдірді. Өз ойын Болат Әбділманов Instagram парақшасында бөлісті.
Актердің сыны қазақстандық "Жезтырнақ" фильміне қатысты. Өнер иесі фильмнің көркемдік деңгейіне дау жоқ екенін айтады.
"Киноның жетістіктері, жалпы тартымдылығы кәсіби деңгейде. Оған дау жоқ. Актерлердің ойыны, кадрдан кадрға ауысуы, бүкіл бет-пішін, көзқарасы бәрі өз орнында. Актерлік ансамбль бар, Досжан Жанботаевтан бастап, Қарабалиндер, жас бала, басты рөлді ойнаған қыз да, бәрі де өз орнында, сендірді. Оператордың да жұмысы өте жақсы, режиссер да актерлермен жұмыс істей алған, тапсырма дұрыс қоя біледі, актерлер де өз рөлдеріне сай келіп тұр", - деп бастады әңгімесін актер.
Алайда ол фильмнің мазмұны, идеясында ойланатын дүние бар дейді.
"Бұл кинода әйелдер бәрін қырып салады, еркектер бір жүрген сорлы. Еркек емес, телпек, жігіт емес, мілік. Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды, әйелдің өзінің барлық физикалық күшін көрсетіп, сол жерде жеңімпаз болады", - дейді Әбділманов.
Әбділманов бүгінде әйелдер мен ер адамдардың орны ауысып бара жатқанын тілге тиек етті.
"Әйелдің қаруы оның күші ме? Әйелдің қаруы - жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, сабырлығы, ақылдылығында емес пе? Әйел затының көз жасының алдында ерімейтін қара тас жоқ. Кез келген еркек әйелдің алдында оның әлсіздігін көргендіктен оны құрметтейді, қадірлейді. Ал енді қазір әйел мен еркектің орны ауысып бара жатқан секілді. Отбасында әйелдің басшы болуы, ертең мемлекетті де әйел басқарады дегенге әкеліп тұр. Енді өздеріңіз ойлаңыздар. Осы жерді қорғайтын баланы рухты, намысты, мінезді ұрпақ қылып қалай тәрбиелейміз. Мектепке келеді, мектептің көбі, ұстаздардың 70-80 пайызы әйел адамдар. Біздің ел бүгінде ажырасудан алдыңғы ондыққа кіреді. Әкесіз, анасының қолында, әйелдің тәрбиесімен өскен балалар, мектепте де сол" , - деп наразылығын жеткізді.
Сонымен қатар өнер иесі кино саласында да ойланатын, өзгертетін көптеген дүниелер бар екенін алға тартты.
"Енді киноға келетін болсақ, кино деген көркем дүние ғой, ол бір мемлекетшілдікке, елдікке, патриоттық сезімді оятып, елін-жерін қорғайтын, рухты азаматтарды тәрбиелейтін орын деп ойлаймын. Ал бұл жерде де сол әйел белең алып, үстемдік қойып жүр. Жалпы әйел ежелден, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша отанасы, үйдің шамшырағы, жары келгенде тамағын дайындап, үйін таза ұстап, жылы қабақпен күлімсіреп қарсы алады. Ертең күйеуі үлкен биіктерді бағындыратын кезде оған бір демеу, мотивация беру. Еркек - дүниедегі барлық ісін әйел затына дәлелдеу үшін жасайды ғой. Сондықтан әйел мен ер адам өз орнында болса біздің қоғам да, мемлекет те дамиды деп ойлаймын. Қазір көптеген фильмдерді жекеменшік студиялар түсіреді, енді олар ақша өзіміздікі деп, неше түрлі дүние түсіреді. Осыған байланысты кино саласында да ойланатын көп дүние бар. Менің киноға айтар пікірім – осы" , - деп түйіндеді Болат Әбділманов.