Әнші Мөлдір Әуелбекова сотқа берген желідегі оқырманын кешірді. Бұл туралы Мөлдір Әуелбекова Instagram-парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол өнер адамы болған соң өзіне айтылатын түрлі сөзге "қойшы, қойшы" деп, "қойшыға" салып келе жатқанына 18 жыл болғанын айтты. Ол жағымсыз жазылған былай тұрсын, тым ауыр сөздер айтылатын жағдайлар болатынын да жазды.
"Бұл жолы басқаша болсын деп шештім. Себебі пікір білдіруші Рита ханым менің жеке басымнан бөлек көпшілікке топырақ шашып отыр. Есесіне, мен сотқа беріп, адвокатқа жүгінгенімді білесіздер. Процесс басталып кеткен. Енді, жауабы ол әйел үшін тым ауыр болатынын естіп, көп ойландым. Күнәсін білеміз, ал тәубесін білуші Алла ғана ғой. Кешірім сұрады...
Мүмкін, шынымен, тәубесіне келген шығар?!? Тілге тиек деген бар. Ауыздан сөз шығармас бұрын ойланған абзал. Қыз өсіріп отырсыз! Дәл сол өсіріп отырған қызыңызға немесе немереңізге менікіндей тағдыр жазылмасына кепілдігіңіз жоқ! Адамның емес Алланың жазасы ауыр болады! Сәл ойланып сөйлейік!" - деді әнші.