20 жел, 2019 сағат 20:04

Ауыр атлетика: Игорь Сон Катардағы турнирде жеңімпаз атанды

Дохада ауыр атлетикадан өтіп жатқан Катар кубогы жарысында Қазақстан құрамасы алғашқы медальді жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, бұл турнир лицензиялық болып табылады.

Игорь Сон 61 келіге дейін салмақта үздік нәтиже көрсетті.

Ол қоссайыс қорытындысында 278 кг (124+154) көтеріп, чемпион атанды.

Түрікменстандық Сейитжан Мирзаев (270 кг) екінші, италиялық Руи Давиде (270 кг) үшінші орынға ие болды.

И.Сон биылғы әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 266 кг нәтижемен күміс жүлдегер атанған болатын.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, Катар кубогында И.Соннан басқа тағы алты қазақстандық атлет бәсекеге түседі. Олар – Денис Уланов пен Нижат Рахимов (екеуі де – 81 кг), Илья Ильин (96 кг), Ибрагим Берсанов (109 кг), Екатерина Быкова (76 кг) және Раушан Мешітханова (87 кг).

Бұл – ауыр атлеттер үшін биылғы соңғы турнир.

Айта кетейік, допингке байланысты белгілі оқиғалардан кейін Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасына екі-ақ (біреуі ерлер, екіншісі әйелдер арасында) жолдамаға ие бола алады. Яғни құрамадан ең үздік қос атлетке ғана мүмкіндік беріледі.