06 ақп, 2025 сағат 18:14

Ауыл жұртының жаппай қалаларға көшуіне не себеп?


Фото: Homsters.kz

Соңғы 25 жылда ауыл жұртының қалаға жаппай көшуінің ең биік шыңына жетті. 2000 жылдардан бері есепке алғандағы бұл көрсеткіш қатты төмендегенін көрсетіп отыр.  2024 жылы ауыл тұрғындарының саны 111,4 мыңға жеткен. Бұл туралы Data.Hub хабарлады. Осы мәліметке сәйкес Ult.kz тілшісінің сұрағына Мәжіліс депутаттары мен урбанистер де өз пікірін білдіріп, жауап берді. 

Ауыл партиясы фракциясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ерболат Сарықов ауыл көшін тоқтату үшін мемлекет тарапынан саяси шешім, үлкен қаражаттың керегін айтты. 

«Саяси шешім, үлкен қаражат қажет»

«Мұндай ақпараттың қаншалықты рас екенін білмедім. Шыққан дерек көзін әлі оқымадым. Бірақ қойылып жатқан сұрақ өте дұрыс. Шын мәнінде, халықтың ауылдардан қалаға көшуі әлі тоқтамай тұр. Соңғы 30 жылда бір жарым мыңға жуық ауылдан ажырадық, Қазақстанның картасынан алып тасталынды. Бүгінгі күнде 280-ге жуық ауыл, әсіресе шекаралық аймақтардағы ауылдар жойылу үстінде тұр. Осыған қарап-ақ, урбанизация процесі әлі толастамай тұрғанын көруге болады. Бұл – өте күрделі мәселе, ол мемлекеттік деңгейде шешілетін нәрсе. Оған саяси шешім, үлкен қаражат қажет, – дейді мәжіліс депутаты Ерболат Сарықов. 


Оның айтуынша, ауылдарды сақтап қалудың ең бірінші жолы – қазір бар 6200-ге жуық ауылдың экономикалық жағдайына сараптама жасау керек. Қай ауылдар өсу үстінде, қайсысы өшіп бара жатқанын анықтап, жойылу алдында тұрған ауылды сақтап қалудың мәнісі бар ма, жоқ па, қаншама миллионға мектеп салып, әлуеметтік нысандарды көбейтудің қажеті бар ма деген сауалдарды анықтап, экономикалық тұрғыдан карта жасалауы тиіс деп санайды. 

«Кеңес одағының тұсында ауылдан білім алған азаматтардың қайтадан ауылға келіп, қызмет ету жүйесі болған. Осы жүйе бүгінде бізде жұмыс істемейді. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» деген бағдарлама бар, бірақ бізге екеуі жеткіліксіз. Ауылдағы білім беретін мектептердегі кадрлардың сапасын дұрыстау қажет. Ауылдан кетіп жатқандар басым бөлігі – баласына жақсы білім беруге, қаладағы үздік мектептерге оқытуға тырысатындар. Бұл – бір, екіншісі – мектеп түлектерінің барлығы үлкен мегаполис: Алматы, Астана мен Шымкент қалаларына кетуге ұмтылады. Олардың тең жартысы мамандықты таңдамастан оқуға түсіп, гранттың құрбаны болып жатыр. Енді бір бөлігі – оқуға түспегендер, яғни жұмыс көзін іздеп келгендер. Өйткені ауылдық жерде жоғары жалақы төлейтін жұмыс көзінің жоқ екендігінің белгісі. Міне, осының бәрін қалыпқа келтірсе, ауылдан көшуді тоқтатуға болады. Бірақ бір ғана ауылда тұрған мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, емхана жастарды алып қала алмайды. Жастарды ауылда алып қалудың тағы бір жолы – орта және шағын бизнес көзі. Ауылдың бізге тиімділігі – азық-түлік қауіпсіздігі. Өйткені бүкіл азық-түлік ауылда егіледі, қайта өңдеуге қалалық жерге емес, ауылға әкелсе олар құрымас еді, – деді Ерболат Сарықов.

 
Десе де депутат ауыл керек екен деп жаппай бәрін сақтап қалудың қажеті жоқ екекнін айтады. Айтуынша, жойылу алдында тұрған ауыл ертелі-кеш бәрібір жабылады. Сол себепті кейбір аймақтарда жаңадан жанданып жатқан ауылдарға қаржыны  салу керек деп ойлайды.

«Урбанизацияға қарсы тұрарлық күш жоқ»

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи болса ауыл көшін тоқтату мүмкін емес деп санайды. Оның сөзінше ол бұрыннан бар мәселе, бұдан кейін де жалғасады. 

«Елдегі урбанизацияның кері әсерінен туған дүние. Біз қазір ауылдың жағдайын жақсартуға, көркейтуге мемелекет болып аралассақ та, оны бірден жақсарып кетеді деп айта алмаймын. Иә, оны тоқтатуға болатын шығар, оған жағдай жасау керек шығар. Бірақ онымен ауылдың қалаға көшуін тоқтата алмаймыз. Әлемдік өркениеттің үрдісіне сай келетін жай. Ауыл жұрты қаланың халқы секілді тұрғысы келеді. Ауыл мен қаланың әлеуеттік жағдайы бірдей болғанын қалайды. Бірақ біз ауылды ондай жағдайға жеткізе алмаймыз. Сондықтан ауылдан көшу үрдісі әлі де жалғасады», –  дейді  Ермұрат Бапи.


Депутат ауылды аңыратып тастамай, оған жағдай жасау керегін айтты. Тіпті таныстарының бірі қаладағы үйін сатып, ауылға көшіп барғанын тілге тиек етті. 

«Міне, сондай азамататтарға жағдай жасап, дамуына мүмкіндік беріп, көмек көрсету керек. Сонда ғана біз ұлы көшті тоқтата алатын шығармыз. Қазақ халқының тірегі, діңгегі болып саналтын ауыл жұртына жағдай жасаудың әркетін табатын шығармыз. Біз қанша көңілімізбен, жүрегімізбен қимасақ та, урбанизация заманында жағдай осылай болып отыр. Бұған бізде қазір қарсы тұрарлық күш жоқ», – деді депутат. 


«Қалаға келгеннің бәрі бірдей жақсы өмір сүріп кетпейді»

Урбанист Нұрқожа Дүйсенәлиев ауыл халқының жаппай қалаға көшіп жатқанын растады. Оның сөзінше, бұл өзгеріс еліміздің даму процестеріне және технология аясында қай бағытқа жүретінімізге байланысты. 

«Әрине, ауылдағы өмір, тоқтамайды, өз қалпында жүре береді әрқашан болады. Бәрі болмаса да бірде-екілісі ауылда қалады. Осыны мойындауымыз керек. 2050 жылы БҰҰ мәліметтері бойынша қала мен ауыл тұрғындарының арасындағы айырмашылығы 70-те 30 пайызға жетеді. Келешекте бұл алшақтық одан да өсуі мүмкін. Мәселе қалалар, әсіресе облыс орталықтары, соның ішінде миллионер қалалар, аймақтық саясаттың әлсіздігінен өзгелерге көз тартарлық дүние болып көрінеді. Оның үстіне ауыл тұрғындары үшін өзгерістерінің сапалы болмауынан, олар оңтайлы жағдай жасалған қалалардан іздеуді дұрыс көреді. Өкінішке қарай, қалаға келгеннің бәрі бірдей жақсы өмір сүріп кетпейді. Күн көрісінен аспайтын тіршілік көзі қазір қалыпты дүниеге айналып кетті» , – дейді Нұрқожа Дүйсенәлиев.
 

«Аймақтағы саясат өзгермейінше, ештеңе өзгермейді»

Алихан Көшербаев  деген тағы бір урбанист қала тұрғындарының көбеюі негізінен көші-қонға байланысты екенін жасырмады. 

«Осының бәрі аймақтағы саясаттың дұрыс жұмыс істемеуінен туындап отырған мәселе. Соның салдарынан халық саны көбейген сайын қаладағы тіршілік одан әрі қайнап, біраз қолайсыздық туғызатыны анық. Мысалы Алматының өзін алып қараңыздар, толассыз кептелістен көз ашпайды. Тіпті, қолайлы өмір сүруге қажетті ресустардың жеткіліксіздігі қатты сезіледі. Аймақтағы саясат өзгермейінше, бізде ештеңе өзгермейді. Бұл үрдіс жалғаса береді», – деді Алихан Көшербаев.