Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласында алдағы 5 жылда қандай мамандықтар жойылады? Бұл сұрақ төңірегінде ranking.kz ақпарат көзі арнайы зерттеу жүргізіп көрген. Зерттеу қорытындысына сәйкес, бұл салада жаңадан пайда болатын 10 және жойылатын 18 мамандық айқындалған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2020 жылғы үшінші тоқсандағы көрсеткішке сәйкес, Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында 1,2 млн адам еңбек етеді. Бұл көрсеткіш – елде жұмыспен қамтылған азаматтардың 13,9 пайызы.
«2020 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы секторында еңбектің электронды биржасында 50 мың вакансия жарияланды. Олардың ішіндегі 40 пайызына біліктілік талабы қойылған. 2020 жылы ең қажетті мамандықтар қатарында тракторшы, ауыл шаруашылығы механизациясы саласындағы инженер, күзетші, крандар мен көтергіштердің операторы, жеке көліктің жүргізушісі мен шопыры болды», - делінген зерттеуде.
Цифрлық технологиялар күннен күнге дамып, процестердің бәрі де автоматтандырылып келе жатқан заманда жаһандық еңбек нарығына едәуір өзгерістер енгізіліп жатыр. Осының нәтижесінде болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар пайда болады. Ал қол еңбегінің көбі автоматтандырылады.
Әлемдік тенденция ауыл шаруашылығын да айналып өткен жоқ. Зерттеуге сәйкес, жаңадан пайда болатын 10 және жойылатын 18 мамандық айқындалған.
«Жаңа мамандықтар қатарында сүт фермаларындағы роботтехник малшы, жер және су ресурстарын басқаратын IT инженер, агроном экономист, цифрлы агроном, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялар бойынша маман және тағы басқаларын жатқызуға болады. Ал 2025 жылға қарай мынадай мамандықтар жойылады: таңбалаушы (олардың орнына лазермен таңбалайтын құрылғылар кеелді), қаптаушы және бөлшектеп өлшеуші (бір ғана робот қаптаушы бірнеше адамның жұмысын атқара алады, сонымен қатар робот тәулік бойы жұмыс істеуге қауқарлы), сұрыптаушы немесе іріктеуші (роботталған жүйелер өнімді сапасы мен басқа да белгілеріне сәйкес сұрыптай алады), жүк тасушы (қазірдің өзінде роботталған көтергіштер жұмыс істеп жатыр)», - делінген зерттеуде.