26 қаң, 2021 сағат 18:42

Аустралияда қатаң карантинде жатқан теннисшілер үшін турнир өтеді

Аустралияда қатаң карантинде жатқан теннисшілер үшін Grampians Trophy турнирі өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бұл жарыста Мельбурнда карантинге байланысты толық оқшауланып, өз қонақүй бөлмелерінен шыға алмаған спортшылар бақ сынайды. 

Олардың арасында қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бар. 

Мельбурнда 2 ақпанда басталатын аталмыш додаға қатысушылар тізіміне сондай-ақ канадалық Бьянка Андрееску, швейцариялық Белинда Бенчич, Беларусь өкілі Виктория Азаренко, грекиялық Мария Саккари және басқа танымал теннисшілер есімі енгізілген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аустралия чемпионатындағы карантинде бәрі де қатаң екендігін, Зарина Диястың осы біріншілікті асыға күтіп жатқанын жазған болатынбыз.