08 ақп, 2021 сағат 10:51

Australian Open: Александр Бублик екінші айналымға шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

А.Бублик бастапқы кездесуін рейтингте 58-орында тұрған словениялық Аляж Беденемен өткізді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылығын танытты – 6:4.

Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте А.Бублик брейк жасай білді. Сосын өз геймінде мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5. 

Есесіне үшінші партияны А.Бедене брейкпен бітірді – 7:5.

Төртінші сетте есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық спортшы брейкке қол жеткізді. Содан кейін екінші матчболын пайдалана алды – 6:4.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 38 минутқа созылды.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, сербиялық Душан Лайович немесе рейтингте 201-сатыдағы украиналық Сергей Стаховскийдің біреуімен кортқа шығады. 

Өткен жылы осы «Үлкен дулыға» додасында А.Бублик те, М.Кукушкин де алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.