Жұма күні Ауғанстанның солтүстігінде Құндыз провинциясындағы Сеид-Абад шейіттер мешітінде қуатты жарылыс болып, салдарынан 100 адам қаза тапты және ондағаны жарақат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Aamaj News ақпарат агенттігінің мәліметінше, шабуыл жергілікті уақытпен сағат 13:30-да жұма намазға адамдар жиналғанда жасалған. Алдын ала мәліметке сәйкес, жанкешті лаңкес мешіттің ішінде жарылғыш затты іске қосқан. Ariana News телеарнасының ақпаратына сәйкес, жергілікті мәйітханаға кем дегенде 50 адамның денесі жеткізілген.
Жарылыс туралы хабарламаны елдегі билікті жаулап алған «Талибан» радикалды қозғалысының өкілі және уақытша Ауған үкіметіндегі ақпарат және мәдениет министрінің орынбасары Забихулла Муджахид растады.
«Бүгін күндіз Құндыз провинциясында біздің отандастарымыз-шейіттердің мешітінде жарылыс болып, салдарынан адамдар қаза тауып, жарақат алды. Арнайы жасақ оқиға орнына барып, тергеп жатыр», - деді ол Twitter-дегі парақшасында.
Өз кезегінде, мәдениет жөніндегі «Талибан» комиссиясының мүшесі Мохаммад Джалал осы әлеуметтік желіде теракті «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының тармағы «Хорасандағы Ислам мемлекеті» тобының содырлары жасағанын хабарлады.