02 сәу, 2018 сағат 09:25

Әуезхан Қодар. Әлемдік діндер жүйесіндегі Тәңіршілдік

Тәңіршілдік туралы ойлағанда, оны ең алдымен, әлемдік діндер жүйесінде зерделегеніміз жөн. Сонда ғана оның ерекшелігі мен өзгешелігі ашылады. Бұл тұрғыда, әсіресе, оны Авеста деген діни кітабы бар зороастризммен салыстырып көргеніміз жөн. Ең алдымен бұлардың бір-біріне әсері болған ба, болса, қайсысы көнелеу, кім кімнен алған, әлде бұлар бір-біріне мүлде жат діндер ме?

Тәңіршілдік тек қана аты бар, ал заты құпия дін болғандықтан, алдымен зороастризмді зерделеп көрейік. Сосын тәңіршілдікті қытай және үнді діни дәстүрлерімен салыстырыуға болады. Меніңше, тәңіршілдіктің өзегі — әруаққа табыну. Оның табиғаты мынада, адамды тәңірі жаратады, ал өлгесін оның рухы аспанға ұшып, ол өзі тәңіріге айналады. Ойлап қарасаңыз, бұл өте үнділік метемпсихоз идеясына ұқсайды. Бірақ үнділік нұсқасында карма, немесе жазалау идеясы басым. Өйткені, сен әр туылуыңда жаза басқан сайын, бұрыңғыңнан нашар мақұлыққа айнала бересің. Сондықтан буддизмдегі басты мақсат жоқ болу, бұл дүниеге мүлде келмеу. Ал тәңіршілдікте жазалау, немесе мінсіздікке талпыну идеясы жоқ. Демек, ол ең көне діндердің бірі, индуизмнен әлдеқайда көне дін. Бұл жалпы дін идеясы енді пайда бола бастағанда туындаған дін. Бірақ мұндағы ең қызығы, адам ғұмыры көк пен жердің арасындағы мәңгілік айналымның бір сәті ғана деп саналады. Демек, мұнда метемпсихоз идеясының ең бастапқы нышандары бар. Метемпсихоз дегеніміз өлмес мәңгі рухтың уақытша ғана жойылып, өзінің жасаған жақсы, жаман әрекеттеріне байланысты өз формасын ауыстыруы. Алайда, тәңіршілдікте адам мәңгі рухтың көрінісі ретінде қаралмайды. Адам тек мөлшерлі энергияның көрінісі, ол тек өлгесін ғана шексіз энергияға, Тәңіріге айналады. Және ол Тәңіріге айналғанда енді адам болмайды, ол тек өз ұрпақтарын қолдайды. Бірақ, бұл қолдаудың шарты бар, Әруақ Тәңірі ұрпақтарын олар оны, ата-бабасын, құдайдай дәріптегенде ғана қолдайды. Сондықтан қазақтар Тәңірі ұрпағы ретінде онымен мәңгі үзілмейтін қатынастағы халық. Демек, біз ұлттық метафизикалық әлемі бар халықпыз. Бұл тұрғыда біз ұлы еврей халқына ұқсаспыз. Есіңізде болса, олардың құдайы Яхве Мұса пайғамбары арқылы өз халқымен келісімшарт жасаған.

Өйткені, егер бұрынғы көпқұдайлы әлемде Құдайдың әйелі болса, Яхве жалғыз. Сондықтан оған Құдай − адам қатынасы қымбат. Бұл қатынас еврейлердің тарихы бойынша адамзаттың қасиетті тарихын құрайды. Ол дүниені жаратудан және бірінші адамдардан басталады, кейін олар күнәға батып, жұмақтан қуылады, ал оның бастапқы оқиғасы Яхвенің таңдаулы, теңдесі жоқ еврей халқымен келісімшарты. Ал сол шартты ол Мұса пайғамбармен жасайды. Ол оған былай дейді: «Сенің енді менен өзге құдайың болмасын»/1/. Сосын ол оған өзінің атын атайды. Сөйтсек, Яхвенің атының мағынасы тірлік екен, немесе тірілік, нақтырақ айтқанда бар болу.
Ал егер біздің бабаларымызға келсек, олар Тәңірінің бар екеніне ешқашан күмән келтірмеген. Тәңірі кез келген келісімшарттан биік, олардың ішкі түйсігінде болған. Ол таң нұрымен себелеп, таңырқау туғызып, таңдайын қақтырған. Түркілер үшін көк пен көкей бір болған. Оны Тәңірі біріктірген. Бұларды бір-бірінен айыратын өлім ғана. Есімізге Күлтегіннің Үлкен Жазуын түсірейікші: «Уақытты Тәңірі ғана таратады. Адам ұлдарының барлығы тек өлу үшін келген»/2/. Көріп отырғаныңыздай мұнда мәңгі өмір туралы түсінік жоқ.

Сөйтіп, тәңіршілдіктің діни сипатына келсек, онда басты сипат бар. Егер религия деген латын сөзі «байланыс» деген мағына білдірсе, тәңіршілдікте осы сипат бар. Тәңірі өз ұрпақтарымен үзілмес байланыстағы құдай. Өйткені олар Тәңірі арқылы тек абстрактты Тәңіріні емес, Тәңіріге айналған әруақты, немесе, кешегі өзінің бабасын дәріптейді. Сөйтіп, бұл байланыс мәңгі өмірге сенуден емес, өткінші өмірді азалаудан, о дүниелік бабаға дұға оқып, оның даңқын асырудан тұрады. Сондай даңқы дәріптелген баба ғана Тәңіріге айналып, өз ұрпағын қолдайды. Көріп отырғаныңыздай, тәңіршілдікте даму, өзгеру, жетілу идеясы жоқ, өйткені түркілердің тәңірінің жаратушы күшіне сенгені сондай, өздерінде бір мін болады деп ойламаған. Жолдан тайған, адасқан, шаршап шалдыққан пендені мінсіздікке жетелеуден гөрі, оның о бастан мінсіз екеніне сенгені дұрыс емес пе? Мұны Шалкииз жыраудың әйгілі толғауынан да байқауға болады.

Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе кимен-ді!
Күмістен екі қолтық жоқ болса,
Сыпайылық сүрмен-ді!
Алғаным ару болмаса,
Алдыма алып сүймен-ді!
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса
Батыршылық сүрмен-ді /3/!

Бұдан біз тағы бір нәрсені байқаймыз. Тәңіршілдік діннен гөрі идеологияға, немесе, өмірлік философияға ұқсайды. Өйткені дін бар жерде бірден шіркеу, мешіт, молда, ишандар пайда болады. Сөйтіп, дін адамды құдайға жақындатудың орнына, әлгі дін өкілдерін асыраушы кәсіби құралға айналады. Әрине, діндәрлардың да бәрі бірдей емес. Бірде шарлатаны болса, бірде әулиесі бар. Әйтсе де кез келген дін өзін өмірден бөліп, өзінен өзгеше әлем жасап, тіпті, өзін барлық өзге әлемнен биік қойып, пенделерден тек өзіне бағынуды тілейді. Сондықтан діндер көбінесе дамудың емес, керіс-жанжалдың, қарсы тұрудың, тіпті, ғасырларға созылған соғыстың себепкері болған. Ал тәңіршілдікте діни кітабы болмағанымен, тектілік болған. Жалпы, тәңіршілдік — Тектілік философиясы, мұндай дінді генотеизм дейді, яғни өз шығу тегіңді, нәсіліңді, ата-бабаңды сыйлау. Сондықтан құдайдың өзі мұндайда тек құдыретті баба ретінде елестейді. Мұнда жарату емес, тұқым тарату идеясы басым. Сондықтан тәңіршілдіктің басты құралы шежіре мен ата-баба даңқын арттырушы эпос. Әрине, мұнда неше түрлі рәсімдер де жетеді. Сонымен қатар, тәңіршілдік өліммен күресу, сондықтан мұнда емшілік өнері де қатты дамыған. Тәңіршілдіктің тағы бір қыры балгерлік, көріпкелділік, болашақты болжау.

Көне парсылардың діні жөніндегі ең ежелгі және негізгі хабаршы – Авеста. Авеста «білім» сөзінің баламасы. Ол қасиетті мәтіндердің кезінде ауызша таралған, ал б.з.д. I мыңжылдықта жазылып алынған орасан зор жүйесі.

Аңыз бойынша Авестаның құрамында 21 кітап, бірақ бізге тек аздаған үзінділері жеткен. Авестаның «Бувдегеш» деген кейінгі бөлігі көне парсылар дінінің ұлы пайғамбары Заратустраның тарихы. Сонымен қатар, ол Авеста мәтіндерінің авторы саналады. Парсы тілінің кейінгі түрлерінде жасалған түсініктемелермен жасақталған нұсқасы «Зенд Авеста» деп аталады. «Зенд» дегеніміз аңыз, аңызбен келген мұра.

Ең ғажабы, авесталық дін монотеистік дін деп саналса да, зороастризм политеистік, мифологиялық дінге көбірек ұқсайды.

Құдайлардың барлық патшалығы өте айқын түрде екіге бөлінеді, бірінші қатарға жақсылықты қолдаушы, жаратушы, тудырушы сипаттағы құдайлар жатса, екінші қатарға сұмпайы, дүлей, қиратушы, жоюшы құдайлар жатады. Біріншілері Ахура деп аталса, екіншілері диюлар деп аталады.
Жақсылық құдайларының басында Ахура Мазда тұрды. Бұл сөздің тура мағынасы «Жаратқан ақылды». Міне, осы арадан зороастризм мен тәңіршілдіктің айырмашылығы басталады. Әдетте көне мифологияларда жоғарғы құдай деп Зевс, Индра, Перун сияқты жауынгер, күн күркіретуші жерге жасын тастаушы құдай саналады. Мысалы, маңғұлдар Мәңгі Көк Тәңіріні осындай құдай санап, найзағайдан, оны Тәңірінің каһары деп қатты қорыққан. Ал парсылар өз құдайын абыз, мінәжат, рухани негіз деп қана санаған. Кейде оны құс қанатты мінсіз патша ретінде суретке салған. Сонда оның қанаты күн сәулесінің бейнеленген түрі екен.

Осы құдаймен бірге ғарыштағы тәртіп, жарасым, сұлулық үшін 7 аспани әулиелер — Амеша Спенталар жауап береді. Ең қызығы, олар ой, әділдік, еркіндік, денсаулық, мінсіздік және мәңгі өмір сүру сияқты аса абстрактты негіздердің символдары. Бұл да зерттеушілер үшін үлкен жұмбақ, өйткені өзге мифологиялық діндердегі құдайлар Жер мен Көк сияқты табиғи күштердің символы боп келетін. Мысалы, тәңіршілдікте де Тәңірі ол Көк Тәңірісі, бірақ сонымен қатар Жер-Су Тәңірісі де болған. Бұл да болса зороастризмнің миф аңызға сүйенген дәстүрлі діннен гөрі пайғамбарлық дінге ұқсайтынына мегзейді. Ал тәңіршілдік пайғамбарлыққа сүйенбейтін дәстүрлі дін. Бірақ бұл оның кемшілігі емес, ерекшелігі. Ал зороастризмнің ерекшелігі — дүниені жақсы мен жаман күштерге бөліп, соның ішінде тек жақсылықты қолдауында. Ал бұл екі түсінік бір қарағанда айқын болғанмен, кейде араласып, шешусіз жағдайға апаратын кездері де болған.

Қалай болғанда да, Заратустраның бар дүниені жақсы мен жаманға бөлуі, адамды табиғат және хайуандар әлемінен ажыратып, таза адами, рухани әлемге көтерді. Егер Ахура Мазда және оның командасынан жер жырту, үй жануарлары, су, от, денсаулық, күн нұры сияқты барлық ізгі нәрселер пайда болса, оған қарама қарсы бағыттаға тұлға — Ангра Майньюдан күнәға бату, сиқыршылық, өлім, аурулар, кәрілік, қыс, жыландар, жыртқыштар, шөл далалар сияқты барлық қараңғы және тұрпайы нәрселер пайда болған.

Ангра-Майнью – зұлымдық, өтірік, арамдықтың символы. Оның диюлардан тұратын өз әскері бар. Дүниені жақсы мен жаман деген екі негізге бөлгенде сол. Ол кейін Еуропада Ахриман деген зұлым сиқыршы ретінде танымал болды.

Адамдарға өлім жіберетін де баяғы сол Ахриман. Жалпы Заратустра ілімі бойынша өлім дегеніміз зұлым күштердің жеңісі және марқұм қаншама ақ ниетті болса бұл одан сайын өкінішті нәрсе.

Диюлар көбінесе жамандықты жақсылық ретінде көрсетіп адамдарға өтірік өзгерген түрде келеді. Бұл жағынан әсіресе дию әйелдер қауіпті. Ахриманнның соңынан сиқыршы, мыстан, ғажайып перизат сияқты көптеген арам пиғылдылар ерген, олардың саны көбеюде, себебі әрбір тірі кезінде күнәһар болған және өлгеннен кейін тазарып үлгірмеген адам арам күштердің санын көбейтіп, сайтан ісіне болысады.

Сөйтіп, жақсылық және жамандық күштері үнемі күресте болады. Ақыры Ахура Мазда Ахриманды жеңіп, жер бетінде жақсылық орнайды. Міне, парсылар осындай тоқтамас күрестегі дуалистік, немесе екіге жарылған дін тудырған. Ал тәңіршілдік ол тұтастық діні. Мұнда адам көк пен жер арасындағы космостық күштердің тұтастығында алынған. Ал зороастризмде адамның ғарыштық күштермен ісі жоқ. Ол белгілі қоғамдағы әлеуметтіліктің көрінісі.

Биікте Көк Тәңірісі,
Төменде Айғызданған жер жаралған,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған /4/.

Сонда адамзат нәсілі жоғары және төмендегі екі ғарыштық күшке тең болып тұр, өйткені ол әлгі күштердің туындысы және өлгеннен кейін қайтадан ғарышқа қайтушы қуат.

Философиялық тұрғыда бұл көне грек философы Парменидттің болмыс туралы іліміне ұқсас. Оның ойынша, бар болу бар да, жоқ болу жоқ. Сол сияқты көшпенді де әлемді үнемі бар болудағы болмыс деп қабылдап, тіпті өлімнің өзін о дүниедегі өмір деп қабылдаған.

Бұл көшпенділерде өмірге құштар, сал-серілік дүниетаным тудырған. Бірақ олардың өлім тіралы тіпті де хабары болмады деу бекершілік. Тәңіршілдіктің бар мәдениеті әруақтарды сыйлау культінде әйгіленген о дүниемен байланыс.

Жоғарыда айтылғандай, адамның жаны көкте туылып, сосын Көк Тәңірісі және Ұмай ананың қолдауымен бала бітіп, ал адам өлгеннен кейін оның жаны қайтадан көкке ұшып, әруаққа айналады. Сондықтан өлі әруаққа табыну тәңіршілдіктің ең басты айырмашылығы. Көшпенді өзінің өлген бабасы арқылы Тәңірімен байланыста. Сондықтан тәңіршілдіктің бүкіл жоралғылары жаңа туған баланы және өлген әруақты дәріптеуге арналған. Осыған байланысты көшпенділер ғұмырына басы шілдеханадан, ортасы құда түсу мен үйленуден, ал ақыры өлі әруақтың жаназасын шығарудан тұратын мәңгі қасиетті айналым билік еткен.

Кейінгі отырықшы мәдениеттерде күрделіленген нәрселер көшпенділерде өзінің классикалық айқындығында сақталған. Соған қарамастан ол кейінгі қазақ мәдениетінің барлық формаларын тудырған діни, киелі дүниетаным. Ал ол қандай формалар десеңіз, ол жаназа шығарудан эпосқа дейінгі ауыз әдебиеті. Себебі эпос дегеніміз өз негізінде оның жасаған ерліктерін дәріптейтін, ылғи онымен сұхбатта болатын өлі әруаққа шығарылған жыр, яғни о дүниелік әлеммен байланыстағы тәңіршілдік метафизикасының көрінісі. Егер ол байланыс қандай формада өткізілді десеңіз, ол ұжымдық түрде құрбандық жасау рәсімі арқылы жасалса, жекетұлғалық түрде арқылы жасалған. Бұл түсінікті құдайға сіңу, немесе Тәңірінің еркіне толу деп ұғындыруға болады. Мысалы, ол қазақ жырларының кез келген түрінде кездеседі.

Бабам, саған сыйындым!

Әруаққа сыйынған батыр әруақтанып, және сол арқылы өзінде ғажап қуат пайда болып, жауын жеңеді. Алайда оны жеңгеннің өзінде ол жеңгенін өзінен емес, әрауқтан көреді.

Дүниенің айдан анық игілігі және бірқалыптылығы осы барлықты жаратушы және несібе беруші Тәңіріні дәріптеу арқылы қамтамасыз етіледі. Ал Тәңірі өз кезегінде тәңірлік дүниетанымның өзгермес нұсқасын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Қазтуғанның «Мадақ жырында» ғажап айтылған.

Бұлыт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған!/5/

Міне, бұл жырында ол өзінің дінін мұсылмандардан да, кәпірлерден де бөлек санайды. Ал сонда ол немен ерекшеленеді?

Тәңрі Көк Тәңірісі, яғни ол бір құдай және оған басқа құдайлар немесе күштер арқылы жүгінуге болатын ең жоғарғы құдай. Мысалы, түркілердің болжау кітабы бойынша Көк Тәңірісінен өзге Ала атты жол Тәңірісі және Қара атты жол Тәңірісі бар, сонымен қатар Жер-Су құдайы және Ұмай ана бар. Бұл құдайлардың әрбіреуі өз міндетін атқарады. Бірақ олардың бәрі Тәңірінің хұзырында, өйткені ол құт дарытушы, немесе киелі қуат беруші. Адам бақытты болуы үшін оған құт даруға тиіс, ал егер оған құт дарыса, оның жеңбейтін кедергісі жоқ. Ал мұсылмандардың түсінігінше Адамның басы — Алланың добы, адамның қалағаны болмайды, Құдайдың қалағаны болады. Пенде тек Аллаға ғана мойынсынуға тиіс. Ал Тәңіріде мұндай өзімшілдік жоқ, ол өз ұрпағынан діни фанатизмді тілемейді. Керісінше, түрік ерлері өздерін мейлінше ашуға тиіс.

Жалаңаш барып, жауға ти,
Тәңірі өзі біледі
Ажалың сенің қайдан-дүр!/6/

Алайда осы Тәңірі ғана біледі дегені ешкім де ешнәрсені білмейді дегенге мегзегендей, яғни ешқандай тағдыр жоқ, тек қана ажалдың мүлтіксіздігі ғана бар. Күлтегіннің жазуында айтылған ғой:
Уақыт Тәңірінің қолында, адам ұғлы тек өлу үшін келген.

Және бұл өлім барлық адамзат үшін бірдей. Егер өзге діндерде ажалдан шошыну Құдайға жүгінуге және оның еркіне толық көнуге апарса, көшпенділер өзге шешімге келген: егер өлімнен құтылу беймүмкін болса, онда одан несіне қорқамыз, керісінше, оған қарсы шығып, оны жеңу керек. Әзербайжандық Қорқыт ата кітабында Домбауыл батыр Әзірейлімен соғысады емес пе? Бұл түркі ескерткішінің исламдық контектстінде сақталған тәңіршілдік дүниетанымының сарқыншағы болар?

Көшпенділер бақыт сұрамайды, олар оны жаулап алады. Бірақ ол үшін онда Тәңіріден дарыған құт болуға тиіс. Тәңіршілдер ұғымындағы құтты зороастризмдегі хварна/7/ ұғымымен салыстырған қызық. Хварна тәңірлік ізгі бақ, құдайдың адамға берген сыйы, тәңірлік қуат пен көрегендіктің бір бөлігі.

Әдетте оны адам басындағы нұрланған нимб ретінде суреттеген. Хварнасы бар адам кез келген сыннан оп-оңай өтіп, шығу жоқ жерден сытылып, шыға салады. Хварна адамның өз қасиеттерін ашуға көмектеседі, оған толық бостандық беріп, жаңалық іздеуге жетелейді. Ондай қасиеті бар адам, барлық кедергіні жеңіп шығып, пайғамбарлық көріпкелділікке дейін жетеді. Хварнаның символы - найзағай.

Өзінің жалпы түрінде хварна құтқа ұқсайды, бірақ уақыт өте ол күрделенеді, дараланады. Өзінің деңгейі, күші және дару тәсілі арқылы хварна үшке бөлінеді.

Ең басты хварна — патша хварнасы. Ол келшек ұлы істер есебінде беріледі. Абыз хварнасы мұра етіліп беріледі. Ол тектіліктің белгісі, ата-бабалардың игі істері үшін марапат. Жауынгер хварнасымен адам өзінің тірі кезіндегі игі істері үшін марапатталады. Осы үш хварнаның символы ретінде зороастрлық шіркеулерде үш түрлі от жағылады.

Құт пен хварна мағынасын көшпенділер мен отырықшылардың айырмашылығы арқылы ұғынуға болады. Отырықшы өзіне өте сенімді, өзінің істерін ол асықпай, біртіндеп жасайды. Сондықтан ол жоспарлау мен схематизмге құмар. Көшпенділер мәдениеті еліру мен заматта шешім табу мәдениеті. Хварнаның орнына ол қойшымен қағанға да бірдей құт ұғымын тудырады. Әлкей Марғұланның айтуынша ғұнндар өзінің ең үздік адамдарына Тәңірі атағын сыйлаған. Кейін ортаазиялық исламда ол әулиелерді дәріптеу культіне ауысқан. Өйткені таза исламда тек Аллахқа ғана табынады ғой. Сондықтан әулиелерге табыну исламда тәңіршілдіктен қалған.

Сөйтіп, қазақтың дәстүрлі мәдениеті дүниеге тұтастай тәңіршілдік арқылы келген және бұл, әсіресе, шежіре құбылысына байланысты, себебі Тәңірі жаратушы құдай емес, тудырушы құдай, барлық түркі тілдес халықтарының атасы.

Әуезхан Қодар

Әдебиеттер тізімі:
1. Библия, Исход 34. – М., 2005, С. 106
2. http://greylib.align.ru/540/bolshaya-nadpis-v-chest-kyul-tegina.html
3. Бес ғасыр жырлайды, 1т. — Алматы, «Жазушы», 1989, 36 б.
4. http://greylib.align.ru/540/bolshaya-nadpis-v-chest-kyul-tegina.html
5. Бес ғасыр жырлайды, 1т. Алматы, «Жазушы», 1989, 28 б.
6. Бес ғасыр жырлайды, 1т. — Алматы, «Жазушы», 1989, 36 б.
7. Авеста в русских переводах. – Изд. 2-е, исправл. – СПб, 1998, С. 467