02 шіл, 2020 сағат 08:45

Ауа райы: Еліміздің 9 өңірінде ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК елдің 9 өңіріне ескерту жариялады, – деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

2 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында кей жерлерде күндіз қатты жаңбыр, бұршақ жауады, күн күркірейді. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні – 15-20 м/с. Ескертудің ықтималдығы – 85-90%.

Бүгін Ақмола облысында найзағай ойнап, қатты жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін. Кей жерлерде солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жел соғады. Ескертудің ықтималдығы 85-90% құрайды.

2 шілдеде Жамбыл облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, дауыл соғады. Оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с. Таңертең және күндіз облыстың оңтүстік-батысында желдің екпіні 30 м/с және одан жоғары болмақ. Ескертудің ықтималдығы – 85-90%.

Бүгін Қарағанды облысында жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты жаумақ. Кей жерлерде найзағай ойнап, дауыл соғып, бұршақ жауады. Солтүстік-шығыстан, шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, екпіні 23-28 м/с, күндіз кей жерлерде 30 м/с және одан да жоғары болады. Ескертудің ықтималдығы – 85-90%.

2 шілдеде Шымкент қаласында күн күркірейді, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Бүгін Қостанай облысының кей жерлерінде күн күркірейді, түнде және таңертең тұман түседі, 15-20 м/с жел соғады.

2 шілдеде Қызылорда облысында найзағай ойнап, күн күркіреп, дауыл соғады, бұршақ жауады. 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, екпіні – 23-28 м/с. 2 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауады. Найзағай ойнап, дауыл соғып, бұршақ жаууы ықтимал. 15-20 м/с-қа дейін жел соғады.

2 шілдеде Түркістан облысының кей жерлерінде күн күркірейді, желдің екпіні 15-20 м/с, күндіз 23-28 м/с. Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарды ауа райының өзгерісіне бақылау жасауға шақырады. Ауа райына қатысты ескерту хабарламаларын елеп, қажетті сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.