#
#
Cәрсенбі 15/07/2020

Атырауда «жасыл белдеу» құрсам деймін – Арман Хайруллин

  • 05.06.2020
  • 0
  • 292

Соңғы үш жылдан бері қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға атсалысып жүрген белсенді жастың бірі – «Атамекен Эко» қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин. «Өзіміз ауасын жұтып, су ішетін қоршаған ортаның таза болғанын қалаймын» дейді ол. Сол үшін Атырауда топинамбур өсімдігін өсіріп, «жасыл белдеу» құруды мақсат етіп жүрген ол атқарған жұмысы мен алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Арман Ғабидоллаұлы, қоршаған ортаға жанашырлық таныту тұрғысындағы шаралардың ортасында жүресіз. Бұған не себеп болды?

– Ең басты себеп – Атырауда «жасыл белдеу» құруға атсалысу. Өйткені, біздің өңірдің жазы қатты ыстық, жаңбыр көп жаумайды. Қыста қалың қар да аз түседі. Бұл өңірдегі экологияның нашарлауына себеп болуы мүмкін. Ал, табиғаттың тазалығын сақтап қалу біздің өз қолымызда екенін бәріміз білеміз. Алайда, көп жағдайда бұған мән бермейміз. 

Үш жылдан бері экология бағытындағы қоғамдық ұйымда жұмыс істеп келемін. Алғашында, яғни, 2017 жылы Атырауда 10 000 көшеттерді тегін тарату акциясын ұйымдастыруды қолға алдым. Мақсатым – қоғамның, әсіресе, жастардың табиғатқа жанашырлығын ояту. Сол жылы қаланың мектептерінде көшеттерді отырғызу акциясының өтуіне ұйытқы болдым. Сондай-ақ, Таэквандо бойынша облыстық федерациясымен бірлесіп, «Атырау» дене шынықтыру және спорт кешенінің алдына теректер отырғызып, «Спортшылар» аллеясын аштық.

– Атырауға топинамбур өсімдігін әкеліп, бірнеше жерде еге бастапсыздар...

– Бұрын Атырауда мұндай өсімдік өсірілмей келді. Сол себептен, Атырауға топинамбурды өсіру арқылы жаңа экологиялық мәдениетті әкелдік дей аламын. Нақытысын айтқанда, топинамбурды «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС Атырау филиалының ғылыми қызметкері Тимур Мусинмен бірігіп Сарайшық ауылының маңында 1 гектарға отырғызған едік. 

Ал, 2018 жылы демеушілер мен еріктілердің көмегімен Атырау қаласындағы Сәтпаев көшесінің бойына ектік. Бұл жерде балалар алаңы бар. Сол алаңның маңын таңдауымыздың бір себебі, балалар ойнайтын жердің ауасы таза болғанын қаладық. Исатай ауданындағы «Сазанқұрақ» кен орнында, Жылыой ауданы мен Маңғыстау өңірінде топинамбурды өсіруді қолға алдық. Алғашқы нәтижесі ойдағыдай болып отыр. 

– Топинамбурдың өзге өсімдіктерден қандай ерекшелігі бар?

– Бұл өсімдіктің қоршаған ортаға да, жалпы адамзатқа да тигізер септігі орасан зор. Көпшілік топинамбурдың бірнеше ерекшелігі барын біле бермеуі мүмкін. Біріншіден, топинамбур қоршаған ортаға орман ағаштарынан екі есе көп оттегі бөледі. Мәселен, бір гектар аумақтағы орман жылына үш-төрт тонна көмірқышқыл газын жұтса, бұл өсімдіктің алты тонна көмірқышқыл газын сіңіріп алатын қасиеті бар. 

Екіншіден, топинамбурда фотосинтез қарқыны өзге өсімдіктерден он есе жоғары екені даусыз. Үшіншіден, топинамбур өсірілген аумақта топырақтың құнарлығы 70-90 процентке артады. Бұл өсімдікті өсіру арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді құнарландыруға жол ашылды. 

Жалпы, топинамбур – бір жылда қоршаған ортаға оттегі бөлетін өсімдік. Топинамбурдан инуллин, одан фруктоза, глюкоза, медицинадағы әртүрлі биологиялық белсенді заттарды, сондай-ақ, кондитерге қажетті қоспалардың барлығын алуға болады. Бұл өсімдіктің құрамындағы калий, магний элементтері қан қысымымен және жүрегі ауыратындарға қолданылып жүрген препараттарды толық алмастырады. Себебі, бұл өсімдіктегі табиғи магний мен калий қосылыстарын ишемиялық ауруларды, стенокардияны емдеу барысында қауіпсіз әрі әсерлі препарат ретінде қолдану мүмкіндігі бар. 

Топинамбур адам ағзасындағы холестерол деңгейін төмендетеді. Ас қорыту жүйесін реттейді, иммунитетті күшейтеді. Қан қысымын қалыпқа келтіреді. Әсіресе, шажырқай безінің ауруына шалдыққандарға пайдалы, бүйрек ауруына да шипасы бар. Қант диабеті мен онкологиялық ауруларды емдеуге де таптырмас препарат ретінде қолдануға болады. 

– Газ талдағыш аппаратты сатып алыпсыздар. Неге?

– Әділет Жақашев деген азаматпен бірге краудфандинг жариялаған едік. Біздің бұл бастамамызды қолдаушылар қатары көбейіп, нәтижесінде 2 500 000 теңге жиналды. Содан соң біз бұл қаражатқа газ талдағыш аппаратты сатып алдық. Бұл құрылғыны қаладағы атмосфералық ауаның сапасын балама бақылау мен талдау үшін пайдаланып отырмыз. Қазір кез-келген уақытта тәуелсіз мониторинг өткізіп, ауа сапасының жай-күйі туралы тұрғындарды ақпараттандыра аламыз. 

– Енді алдағы жоспарлар туралы не дейсіз?

– Басты жоспарымыз – өзіміз ауасын жұтып, суын ішетін қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу. Ойға алған ісіміз оңға басатын болса, Атырауда «жасыл белдеу» құруды қолға алуды ойластырып жүрмін. Қазір Атырау қаласы әкімдігінен Жайық өзенінің жағасынан жер телімін сұрап отырмыз. Мақсатымыз – балалар саябағын ашу. Бұл саябақта балалардың ойын алаңын жасақтасақ дейміз. Сол жерде спорттық жаттығу құралдары қойылған алаң болуы да мүмкін. 

Ең бастысы, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмысымды жалғастыра беремін. Ал, табиғаттың тазалығын сақтау – баршамыздың парызымыз.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар