12 жел, 2019 сағат 14:07

Атырауда чемпиондар жанкүйерлерімен кездесті

Тәуелсіздік мерекесіне орай бокстан екі дүркін әлем чемпионы Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов атыраулық жанкүйерлерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атыраулық жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізген чемпиондар, кездесу барысында өздерінің үлкен спортқа қалай келгендіктері туралы баяндады. «Біз алдымызға мақсат қоя білдік. Боксқа әуестігім 12 жасымда басталды. Маған ағам үлгі болатын. Талмай еңбектенудің арқасында, осындай жетістіктерге жеттік деп ойлаймын», - деді, Мадияр Әшкеев. Ал, Мейірім Нұрсұлтанов өз кезегінде жас спортшыларға әрбір істі соңына дейін жеткізе білу керек деген кеңес айтты. Айта кетейік, спортшылар соңғы жарыстарында да жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Нью-Йорктегі «Мэдисон Сквер Гарденде» өткен Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин жекпе-жегінің андеркартында атыраулық боксшылар мінсіз өнер көрсете білді. Осыған дейін Мадияр Әшкеев кәсіпқой бокста 14 рет жеңіске жеткен. Оның 7-уін нокаутпен ұтқан. Мейірім Нұрсұлтановта кәсіпқой рингтегі 13 жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, 8 жекпе-жекті мерзімнен бұрын аяқтаған. Сонымен қатар, екі спортшы да Америка құрлығының WBC нұсқасы бойынша чемпион.