06 шіл, 2022 сағат 04:49

Атырау облысында оғыз-қыпшақ дәуіріндегі балбал тас табылды


Атырау облысында оғыз-қыпшақ дәуіріндегі балбал тас табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балбал тас Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылының маңындағы «Тасқара» қорғанынан табылған. Археологтар балбал тасты шамамен ІХ-ХІ ғасырға тиесілі деген болжам жасап отыр. 

Археологиялық олжа саналатын балбал тастың биіктігі – 1 метр 20 см, ал, ені – 50 см. Бұрын Атырау облысында дәл мұндай балбал тас табылмаған. 

«Балбал тасты оғыз-қыпшақ дәуірінен қалған деп болжауға болады. Көне түркі ғұрпынан сыр шертетін көне жәдігермен бірге табынуға арналған құралдар табылды. Мұндай балбалтастар IX ғасырдан бастап ислам діні тарауына байланысты даламыздан жойыла бастады. Өйткені ислам дінінде адам бейнесін салуға рұқсат етілмейді», - дейді тарих магистрі Сейілхан Мираш.

Қызылқоға ауданында көне қорғандар көп. Бұрын бұл ауданның аумағында біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ХІ ғасыры аралығын қамтитын Миялы қорғаны бар. Бұл қорғанды 2017 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі анықтаған еді. Қорғанның жоғарғы қабаты Х-ХІ ғасырлардан, төменгі қабаты біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы темір дәуірінен сыр шертеді.

Ал, 2020 жылы осындағы үш қорғанда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 560 түрлі жәдігер табылды. Оның ішінде алтын мен күмістен соғылған әшекей бұйымдар мен ат әбзелдері, қоладан соғылған қару-жарақтың, керамикалық құмыралар мен қайшы да бар. Қабірдің біріне жерленген адам қаңқасының жамбасында қадалып тұрған жебе сынығы болған.

«Бұл жерлеген адамның соғыста қаза тапқанының белгісі болуы мүмкін. Оны ғұн немесе оғыз тайпасының өкілі деп топшылап отырмыз. Себебі, қорғаннан табылған мола сол күйі сақталған», - деп еді сол кезде музей директоры Рашида Харипова.