Теңіз кенішіндегі коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Атырау облысында коронавирус инфекциясының 1 379 жағдайы тіркелді. Тіркелген жағдайлар қала мен аудандар бөлінісінде төмендегідей: Атырау қаласында 200, аудандар ішінде жоғары көрсеткіш Жылой ауданында 1 100-ды құрап отыр. Оның ішінде Теңіз кенішінде - 1 039 жағдай. Қалған аудандарында 69 жағдай тіркелді. Облыста 1 015 адам емделіп шықты, бұл 73,6 пайызды құрайды. Емделу динамикасының оң көрсеткішіне қарамастан, өкінішке орай облысымызда 8 адам індеттен көз жұмды. Соңғы аптада күн сайын шамамен 100-150 адамның аралығында жаңа коронавирус жағдайы тіркелуде.Оның 70 пайыздан астамы ауру белгілері жоқ науқастар», - деді облыс басшысы.
Оның атап өтуінше, ауру белгілері бойынша медициналық көмекке жүгіну нәтижесінде коронаирус анықталғандар 7,6, клиника арқылы 38, Теңіздегі демобилизация кезінде анықталғандар 8,7, сырттан келгендер 1 пайызға жуық, байланысқан адамдар арқылы 44 пайызды құрайды.
«Теңізде анықталған 1 039 жағдай «ТШО-157« мердігер ұйымдарының қызметкерлері арасында 36 ауру ошқатарынан табылып отыр. Бүгінгі күні Теңіздің 94 вахталық қалашығында 13 600 адам тұрып жатыр. Бірінші демобилизацияда 19 400, екінші демобилизацияда 7 700-ге жуық адам шығарылды. Қазіргі таңда Теңізде вахталық ауысым ұйымдастырылып, таза аймаққа жұмысқа келетін қызметкерлер ПТР-тестінің теріс нәтижесімен еңбекке кірісуде. Бүгінде Теңіздегі жағдай тұрақтылып, өсім 1,8 пайызды көрсетуде», - деді Махамбет Досмұхамбетов.