Фото: Eldala.kz
Облыс деген сөзді өлке немесе ұлыс (Құрылтай секілді, бұл да тарихи атау), тіпті болмаса аймақ деп ауыстыратын уақыт әлдеқашан жетті. Дегенмен, бұл істі әлі де іске асыра алмай келеміз-ау. Мүмкін түсінігіміз, күрескерлігіміз, біліміміз жетпейтін шығар. Қалай десек те, билігіміз мұны істеуге қорқады-ау деп ойлаймын. Үнемі шегіншектей береді. Олай дейтінім, көршіміз Ресейден (әсіресе Путиннен) және ішкі орыс қауымынан сескеніп тұратындығын көріп жүрміз ғой. Әлде, шекарамызға демаркация жүрмегендіктен бе екен?! Дегенмен, делимитация әлде қашан жүрген болатын. Әйтпесе, талай рет айтылды, көтерілді, бірақ сол күйінде қалды емес пе! Бұл, әрине біздің сеңген билігіміздің тартыншақ, жасқаншақ екендігін көрсетеді. Саммит өткізу мен ұсақ-түйек реформа жасаудан басқаға шамасы келмей жүр ғой.
Айтайын деген ойым, егер біз облыс сөзін жоғарыда көрсетілгендей қылып өзгертсек, Қазақстан бір табан ұлттық реңге жақындар еді (национальный колорит). Өйтпейінше, қайсібір ұлт өкілдерінің айтпайтын сөзі жоқ. Соларға айтарлықтай тосқауыл болар еді. Сонымен қатар, қазіргі кейбір облыс атауларында мәні мен мағынасына қарап, қайта атағанымыз жөнге келетін секілді.
Мысалы, былай деп көрсетсек:
- Түркістан облысын - Түркістан ұлысы, өлкесі, аймағы (осылардың біреуін ғана таңдап алу);
- Алматы облысы мен Жетісу облысын - ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Қарағанды облысын - Сарыарқа ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Шығыс Қазақстан облысын - Алтын Алтай, немесе Өр Алтай ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Ақмола облысын - Көкшетау ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Қызылорда облысын - Сырдария өзені жарып өтетін болғандықтан, Сырдария ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Батыс Қазақстан облысын - Ақ Жайық ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Атырау облысын - Атырау ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Павлодар облысын – Ертіс немесе Құлынды (Құлынды даласына орналасқандықтан) ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Солтүстік Қазақстан облысын - Қызылжар ұлысы, өлкесі, аймағы;
- Павлодарды – өзінің тарихи атауымен Тұзкент қаласы деп;
- Петропавлоск қаласын – көне атауымен Қызылжар деп атау керек шығар.
Сонымен қатар, кейбір аудандардың аттарын өзгерту уақыт күттірмейтін іс. Айтар болсақ:
- Целиноград ауданын – Ақмола ауданы (орталығы Ақмол елдімекені емес пе);
- Щучинск қаласын – Оқжетпес немесе Абылай хан қаласы деп;
- Ұйғыр ауданын – Қарадала әйтпесе Шарын ауданы деп өзгерту жөнге келетін секілді.
Міне осылай жалғаса береді. Осылай етпесек, қайсібір облыс орталығы болып саналатын қалалардың атын тұтас аймаққа көрпеше секілді керіп тастағанбыз. Шындығында сол аймақтардың халық ауызындағы жер-су атауы көнеден келе жатқан аты болғандықтан, жарасымды, әдемі, туған елімізге соншалықты жақын.
Бұл атаулар ел-жұртымыз үшін баға жетпес мақтанышқа айналары анық.
Шығыс Қазақстан облысының орталығын, алдағы уақытта егер мүмкіндік болса Ертіс немесе Алтай деп өзгертсе, славян жұрты да ештеңе демес еді. Неге десеңіз, Ертіс өзені Ресейді де кесіп өтеді. Ертіс - түркі-қыпшақ сөзі болғанымен, олар бұл сөзге ертеден дағдыланған. Алтай сөзіне де солай. Сондықтан, қоңсы ел осы атауға ештеңе дей қоймас. Бұл әрине, менің өз пікірім. Қалай десек те, ел ауызындағы атауларды жаңғыртудың және қалпына келтірудің уақыты келді деуге болады.
Әрине, мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтере жатармыз. Бұл енді биліктің іскерлігіне байланысты. Алайда, осыны сылтау етіп, жоғарыда айтылған атауларды және пікірлерді ескермей, солтүстіктегі көршімізден орынсыз сескене беру, сонымен қатар, ішкі кейбір ұсақ этносқа жалтақтай беру жараспайды.