Баянауылдық азаматтар «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының жарық көргеніне бір жыл толуына байланысты Баянауыл және Ерейментау аудандарының 90 жылдығына орай бір апта бойы 300 шақырымға жуық қашықтықты атпен жүріп өтті. Төртінші мамыр күні Баянауыл ауылынан аттанған «Баянауыл-Ерейментау: Бабадан қалған құт мекен» салт аттылар сапары 9-мамыр – Жеңіс күнінде Ерейментау ауданының Бозтал ауылында аяқталды. Баба жолын жалғаған азаматтар Өлеңті өзенінің жағасында орналасқан ауылда Ұлы Отан соғысының құбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған салт аттылар сапары ұлттық ат спортын насихаттауды, еркіндікке құштар рухты жастарды тәрбиелеуді мақсат етті. Бұл жолғы сапар ауылы аралас, қойы қоралас қос өңірді байланыстырған бұрынғы өткен бабалардың көш жолын жаңғыртуымен ерекшеленді. Арқа төсін жайлаған Сүйіндік елі жаз жайлауға бес қатар болып көшкен. Ең сыртындағы Қаржас елі Ботақара, Аяулы, Нияз, бір шеті Астанаға дейін тіреледі екен. Екінші жолақпен Айдабол елі Осакаровканы басып Өлеңті мен Шідертіні кесіп өткен. Үшінші жол Ақбура-Тұлпар елінің жолы. Төртіншісі Күліктердің көш жолы. Бесіншісі Қозған елінің жолы, Екібастұздан ары Қанжығалы елінің көш жолы екен. Осынау көш жолын жаңғыртып, ата дәстүрді дәріптеген облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев пен аудандық мәслихат депутаты Алдамжар Алтынбек бұл жолы қасына тек жастарды ертті. Жас кәсіпкер, «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Абылай Жүнісов, жас атбегі Саят Сарбасов, Жаңатілек ауылының азаматы, теолог маман Әли Адамбек және осы жолдардың иесі біз елағаларына ілестік. Экспедиция құрамында жастардың басым болуы – сапардың екінші ерекшелігі деп білеміз. Сапарға Баянауыл ауданы әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының Баянауыл аудандық филиалы қолдау көрсетті. Жұпар Әбдікәрімов, Ержан Байкенов бір апта бойы бізді көлікпен қамтамасыз етіп, сүйемелдеп жүрді.
Сапардың бірінші күнінде Жаңатілек ауылына, экспедиция мүшесі Алдамжар ағаның шаңырағына түстік. Бұл ауылда көненің көзі Имаш ақсақалдың әңгімелерін, қисса-дастандарын тыңдадық. Қиссашы бізге «Ер Тарғын» жырындағы Тарлан аттың сипатын, Мәдидің жырын мәнерледі. Ақсақал жырдың өлеңі мен әуені сай болу керектігін айтты, әйтпесе көңіл-күйдің ауанын жеткізу мүмкін емес екен. Біздің есімізге Сұлтанмахмұт ақын айтқан: «Музыкасыз қазақ жыры жесір қалады» деген сөз түсті.
Екінші күні Шәмен ата зиратына, ерте заманда жылқының қылы қосылып, бие сүтімен иленген «Қыз зиратына», Алтынбек ата бейітіне, Нияз қожа зиратына дұға жасап, Баянауыл ауданының киелі орындары тізіміне енген Құрманбай абыз қорымына аялдадық. Бұл жерде бізді абыздың ұрпақтары Аллаберген Қаратаев пен Сембай Адамбеков қарсы алды. Ұрпақтар баба басына келушілерге арнап үй салып, зиярат етуге лайықтап жасапты. Дұға оқытылып, ас берілген жиында ауыл ақсақалдары Дəулет Сүлейменов, ауыл әкім Қуаныш Шалбаев сапаршыларға ескі әңгімелерден сыр шертті. Абыздың ұрпағы Бақыт Хайдаров мектебінің оқушысы Тотия Кәукен жүрекжарды жыр шумақтарын арнады.
Құрманбай абыз Байқонақұлы 1821 жылы туып, 1891 жылы қайтыс болған. Қызылжар қаласында, Ташкенттегі «Көкілташ» медресесінде, Сириядағы Шам қаласында оқып хасида (жын-сайтандар ілімі) ілімін меңгерген. Елге келген соң Қоңыр әулие үңгірінде 11 жыл шырақшы болған. Ол кісі қара суды қақ айыратын қасиетке ие болыпты.
Мұса мырза Құрманбай абыздың қасиетін мойындап, Тайжеген қыстағына қоныстандырған екен. Ол жер Сəтбай қонысы Айрықпен көршілес орналасқан. Болашақ академиктің есімін қойған Имантай ақсақалмен сыйлас болған осы Құрманбай абыз екен. Сол тарихи жағдайға байланысты ел ішіндегі әңгімені бізге ауыл ақсақалы Мұхамет-Қайыр Шəріпов айтып берді:
Имантай ақсақалдың баласы болмапты. Ол кісі: «Ұрпақсыз өтемін бе?» - деп көп ойланады екен. Сондай ой үстінде жүріп, бір күні атпен серуендеп кетеді. Ұзақ жүреді, кеш қараяды. Атын тұсап тастап, тынығады. Бір сәтте ұйықтап кетіпті. Түс көреді. Ақсақалды адам сәлем беріп, «Әй, мүсәпір, неге сонша қапаланып жатырсың? Қойныңа қара», - депті. Қойнына қараса бір түлкінің, бір қасқырдың, бір жолбарыстың күшігі кеудесінде тырмысып жатыр екен. Түсінен шошып, оянып кетсе, таң атып қалыпты. Әлгі салт атты ақсақал да, қойнындағы күшіктер де жоқ екен. Есі шығып Тайжегенге Құрманбай абызға келеді де түсін жорытады. Абыз төсек жаңғыртуы керектігін айтып, үш перзент сүйетінін сүйіншілейді. Бірақ аттарын өзім қоямын, - дейді. Абыздың айтқаны келіп, Имантай ақсақал бір қыз, екі ұл көреді. Бұл әңгімені ауыл қарияларына Имантай ақсақал өзі айтып отырады екен.
Аз аялдағаннан кейін Құндыкөл ауылына ат басын бұрдық. Бірлігі мен берекесі жарасқан ауылда мектеп өнерпаздары өнер көрсетті. Сәні мен салтанаты келіскен концерттен кейін қазақша күрестен облыс біріншіліктерінде өнер көрсетіп жүрген Ринат Тимаш, Ақбота Жұмаш, Айбота Әли сынды жас палуандар шеберліктерін ортаға салды. Бауыржан Күлжан, Құдайберген Серғазин және «Баянауылдың тұңғыш барысы» атанған Дәулет Мәжиттен тәлім алатын балғындар біршама белесті бағындырып үлгеріпті. Асық ату ойынын серік еткен Оралхан Сапаров пен Балғабай Баян қонақтарды мергендіктерімен таң қалдырды. Мектеп оқушыларының «Айгөлек» ойыны да қызықты өрбіді. Кездесу соңында Орал Рахмашұлы мен Алдамжар Кәрібайұлы алғыс айтып, ауыл кітапханасына кітап сыйлады. Ауыл әкімі Самат Ибраев лебізін білдіріп, ақсақал Телкен Ақпаев ақ батасымен аттандырды бізді.
Келелі кездесуден кейін Көкдөмбақ ауылына түстік. Ауыл шаруашылығын қолға алып, ата кәсіпті жандандырып жүрген Қайыр Рамазановтың қара шыңырағында қондық. Елағасы Солтан Байдильдинің ел болашағына, жастар келешегі жайлы әңгімелерін тыңдадық. Сапарымыздың екінші күні осылай аяқталды.
Келесі күні Үкібай би Найзабекұлы мен Кеншінбай би Оразбайұлы бейіттеріне дұға жасап, Жаңажол ауылы арқылы Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне жол тарттық. Жаңажол ауылына соғып, Мәшһүр Жүсіп мешітінде марқұмдар рухына тағзым еттік.
Сапарымыздың үшінші күнінде күллі қазақ даласы үшін киелі орын саналатын Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне тоқтадық. Кесене басында топ басшыларымыз құрбандық шалып, ас берді. Асқа арнайы келіп «Нұр Отан» партиясының Баянауыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауан Жантелиев және Мәшһүр әулиенің шөбересі Жастілек Сүйіндікұлы Көпеев қатысты. Халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинаушы, тарихшы, этнограф, ақын Мәшһүрдің мекенінде өлең-жырдың тиегі ағытылды. Жаңажолдық әкелі-балалы Жұмкен мен Тілек Сейітов және баянауылдық Жеңісбек Пəзіл арнайы келіп жырдан шашу шашты. Арқаланған ақындар дәстүрлі Құлманбет айтыстың үлгісін жасап, сапаршыларды шабыттандырып, ертеңгі ұзақ жолға ширатқандай болды.
Сапарымыздың төртінші күні Баянауыл ауданы аумағынан шығып, Екібастұз қаласының территориясына аяқ бастық. Бағытымыз – Әлкей Марғұлан ауылы. Академик атындағы ауылда халықпен кездестік. Бұрынғы атауы Степной аталған ауыл тұрғындарының жартсына жуығы өзге ұлт өкілдері екен. Соған қарамастан қылқұйрықты жануарлардың өсімін көбейтіп, шаруашылықтарын дөңгелетіп отырған қазақ азаматтары мол екен. Баяғының жолымен атттарымызды жетектеп әкетіп, жайлып, ертеңгі сапарға сайлып қойған ауыл əкімі Мұрат Какожанов қазақы ғұрыпты сақтап тұрған азамат екен. Барлығымызға сый-құрмет көрсетіп, ақ жол тіледі.
Келесі күні «Ертіс-Қарағанды» каналын қиып өтіп, Ерейментау ауданына аттандық. Ертіс өзенінің су қорына негізделіп 1962 жылы құрылысы басталған канал 1974 жылы іске қосылған екен. Жалпы ұзындығы – 458 шақырым болатын канал Ертіс өзенің сол жағасындағы Ақсу қаласы тұсынан басталып, Қарағанды қаласына таяп аяқталады. Оның 272 шақырымы Павлодар облысы, 186 шақырымы Қарағанды облысы жерімен ағады. Арнасының беткі ені – 40, табан ені – 4, тереңдігі – 5-7 метр болады. Канал бойындағы 22 су көтергіш станциясы суды 420 метр биіктікке көтереді. Канал бойында 11 су торабы, 2 бөген, 17 көпір және автомобиль жолы салынған. Ертіс суының қуаң Сарыарқа өңіріне келуі – тың жерлерді игеру процесін жалғастырды: жасанды су магистралы негізінде жаңа кеңшарлар мен қосалқы шаруашылықтар құрылып, суармалы алқаптардан мол өнім алынды. Ертіс-Қарағанды каналы республиканың ірі индустриялық орталықтарының еңбекшілерін ауыл шаруашылық өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Канал үстіндегі көпірде суретке түсіп, Қаныш Сәтбаевтің маңдай тері тамып, арнасын толықтырған су айдынымен бірге толқығандай әсерде болдық. Канал бойын жаяу жүріп дүниеге роман әкелген Қалмұқан Исабаевтің қалам сиясының иісі келгендей мұрынға. Қарағанды мен Павлодар облыстарының шекарасы да осы тұста екен. Сапардың үшінші ерекшелігі де осы – үш облыс аумағында еркін көсілдік.
Сапарымыздың соңғы нүктесі – Бозтал ауылы. Жолбастаушы ағалардың айтуынша Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Бозтал және Ажы ауылдары 1939 жылға дейін Баянауыл ауданының құрамында болған екен.
Алты алаштың намысы үшін атқа қонған алтау межелі жерге жетерде кішігірім бәйге де ұйымдастырдық. Аламанда арқасы қозбайтын қазақтың аз екені мәлім. Ауыздығымен алысқан арғымақтарымыз төрт күнгі жүрісте біраз ширап, жарап алғандай болды. Үзеңгі қағыстыра шапқан сәйгүліктердің арасынан суырылып алға шыққан Абылай Жүнісовтың «Батыры» оқ бойы озық болды.
Ауылға жете бере алдымыздан ен даланың еркесі еліктер шықты жосылып. Ескелдіге дейін дала толған мал болды. Алдымыздан шыққан үйір-үйір жылқыларды көргенде сүйсіндік. Әсіресе өз үйіріне бізді жақындатпауға тырысып, осқырынған айғырлар иелігіме қол сұқтырмаймын дегендей қасқаяды. Қайран, тектілік-ай! Ал, Мәшһүрдің мекенінен кейін де, Әлкей ауылынан кейін де қыбыр еткен жәндік кездеспеді. Ерейментау жерінен елік-арудың ұшырасуын жақсы ырымға баладық.
Бозталдық азаматтар біздің алдымыздан атпен шығып қарсы алды. Біраз жүріп, ауыл сыртына іліккенде ауылдың ақ жаулықты әжелері шашу шашып ықылас танытты. Ақсақалдары бата беріп, жігіттер аттан түсірді, бойжеткендер қымыз ұсынды.
Бозтал ауылындағы бірінші күні ауыл мектебінде халықпен кездесу ұйымдастырылды. Әуелі мектеп музейімен таныстық. Онда Ұлы Отан соғысына, тыл еңбеккерлеріне, тың игеруге, ауыл мен мектеп тарихына қатысты деректер жинақталыпты. Бұдан кейін Ерейментау аудандық Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінің өнерпаздарының өнеріне куә болдық. Жиынға Ерейментау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абай Əлжанов, Бозтал ауылының əкімі Қанат Мұқанов, әнші Жəнібек сал Мәліков, ақындар Сайлау Жылқыбаев пен Сайлау Байбосын қатысты. Салтанатты шараға арнайы келген Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов екі елдің арасындағы мәдени байланыс жайлы терең толғана отырып, Ерейментау жұртын мерекемен құттықтады.
Бозталдықтар баянауылдықтарға бабаның салтымен, жөн-жоралғысымен шапан жауып, сый-сияпат жасады. Ыстық ықыластарын ынтымақтыстықтың, ымыраластықтың белгісіндей қабылдадық.
Екінші күні «Ұлы Отан соғысына қатысқан Бозтал ауылының азаматтарына» арналған ескерткіштің ашылуы болды. Бозтал ауылынан Ұлы Отан соғысына 80-ге жуық адам аттанып тең жартысы майдан даласында қаза тауыпты. Елге аман-есен жеткендері ел игілігі үшін еңбек еткен. Майдангерлер рухына ескерткіш орнату мәселесі 2013 жылдан бері көтеріліп келген екен. «Ескерткіш орнату жұмысы ақын, сазгер, суретші ағамыз Сайлау Жылқыбайдың бастамасымен қолға алынды. Ол кісі бізге өтініш етіп, туған ауылында Ұлы Отан соғысы батырлдарына ескерткіштің жоқтығын айтты. Азаматтармен ақылдаса келе, Сайлау Қабыкенұлымен кеңесе келе Баянауылдың жақпар тасынан белгі орнаттық. Тас бетіне батырлар рухына арналған жыр шумақтары мен майданда қаза болған 39 марқұмның есімін жеке, елге аман жетіп, топырағы елден бұйырған 36 марқұмның есімін жеке ойып жаздық», - деді Орал Рахмашұлы.
Ескерткіштің ашылу рәсімінде ауыл әкімі Қанат Мұқанов, Орал Сартаев пен Алдамжар Алтынбек сөйледі. Ақын Сайлау Байбосын арнау жырымен рухты көтеріп, тарихты түлетті. Марқұмдардың ұрпақтары бабаларының есімдері жазылған ескерткіштің жамылғысын ашып, аллеяға ағаш отырғызды. Салтанатты шара спорттық ойындарға жалғасты. Ресми рәсімдерден кейін аудан аумағындағы Тоқан хазірет бейітіне дұғаға жасап, Найзатас тауын тамашаладық. Меркелік шара кешке дейін жалғасып, отшашуға ұласты.
Ақын Абзал Бөкеннің «Артық болар, кем болар, ата тарих аттан бөліп қарасаң түгел емес!», - деген жыры бар. Тұтас тарихты түгендеуге талпынған бір апталық сапарымызда «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген аталы сөз әлденеше рет айтылды. Баба дәстүрін жаңғыртып, ата жолын дәріптеу ісі ертеңгі тарихтың басы болғай!
Еламан ҚАБДІӘШІМ,
Баянауыл-Ерейментау-Баянауыл