16 шіл, 2021 сағат 21:10

AstraZeneca вакцинасын жеткізу бойынша келіссөздерді қайта бастауға дайынбыз - Байтанаев


ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев AstraZeneca вакцинасын Қазақстанға жеткізу мәселесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, AstraZeneca вакцинасы бойынша басқа елдерде кемшіліктер мен күмән анықтала бастағандықтан, оны жеткізу бойынша келіссөздер тоқтатылған. 

«Біз коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын барлық елдермен келіссөздер жүргізіп жатқанымызды айттық. AstraZeneca вакцинасын жеткізу бойынша да келіссөздер жүргізілді. Содан кейін уақытша тоқтадық, бірақ қазір келіссөздерді қайта бастауға, клиникалық зерттеулердің нәтижелерін көруге дайынбыз, өйткені бізде бұл вакцинаға қызығушылық бар. Бірақ бұл келісімге қол қойылды және күні ертең AstraZeneca біздің елде болады дегенді білдірмейді. Бұл әңгіме барлық нәтижелерді зерттеп, мұқият тексергеннен кейін ғана басталады», - деді Ержан Байтанаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.