25 қыр, 2020 сағат 12:56

Астаналық «Барыстың» тағы 8 мүшесінен коронавирус анықталды

Хоккейден астананың «Барыс» командасының тағы 8 мүшесі коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еңбек ұжымдарында коронавирус індетінің таралуы алаңдатып отыр. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың 17 қыркүйегінде «Барыс» хоккей командасындағы 40 адамға профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде 11 адамның коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болды. Дәл сол күні қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шығып, сол ұжымда эпидемиологиялық шараларды өткізу туралы шешім қабылданды. КВИ жұқтырғандармен байланыста болған 29 адам анықталды. Бәріне де «Барыс-Аренаға» келуге тыйым салынды», - деді бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 22 қыркүйекте команданың тағы 8 мүшесінен коронавирус (олар бұрын жұқтырғандармен байланыста болған) анықталған.

«Қазір командадағы коронавирус жұқтырған 19 адамның бәрі ауруды симптомсыз өткеріп жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл індетті балалар мен қарапайым адамдар ғана емес, денсаулығы мығым спортшылар да жұқтыруда», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Барыс» хоккей клубының бірнеше ойыншысынан коронавирус анықталған еді. Осыған байланысты хоккей клубы алдағы кездесулерін кейінге шегеруге мәжбүр болып отыр.