Фото: Астана әкімдігі
Астана қаласындағы ақылы автотұрақтар толықтай әкімдік меншігіне өтті. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін тұрақтарды басқарған компаниямен байланысты сауықтыру рәсімі сот шешімімен тоқтатылған. Сонымен қатар тараптар арасында тұрақтарды беру жөніндегі қосымша келісімге қол қойылған.
«Ақылы автотұрақтар әкімдік қарамағына өтті деуге болады. Қазіргі таңда негізгі келісімдерді аяқтау жұмыстары жүріп жатыр. Жақын күндері соңғы құжаттарға қол қойылады», деді Өтебаев.
Әкімдік өкілі ақылы тұрақтардың нақты қанша табыс әкелетінін әзірге айту қиын екенін атап өтті. Дегенмен, жоба іске қосылғалы бері айыппұлдармен бірге 5 млрд теңгеден астам кіріс түскені белгілі.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында әкімдік пен Астананың тұрақ кеңістігі ЖШС арасында алдын ала келісім жасалған. Құжатқа сәйкес, компания өз үлесінің 100 пайызын жергілікті атқарушы органға қайтарымсыз негізде беруі тиіс.
