15 мам, 2026 сағат 16:04

Астанада мас күйінде рөлге отырған жүргізуші ұсталды


Фото: ашық дереккөз


Астана қаласында мас күйінде көлік басқарған жүргізуші полицияға ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Оқиға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар барысында анықталған. Сағат 11:30 шамасында Бейбітшілік көшесі бойында полиция қызметкерлері Nissan Qashqai көлігін тоқтатқан.


Тексеру кезінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды. Сонымен қатар, оның бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталған.


Медициналық сараптама қорытындысы жүргізушінің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде екенін растады.

Астана қаласы полиция департаменті мәліметінше, азамат заң талаптарын елемей, қайтадан рөлге отырған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, мас күйінде көлік басқару адам өміріне тікелей қауіп төндіретін ауыр құқық бұзушылық екенін ескертті.