Астанада зергерлік дүкеннің күзетшісі қателесіп күмістен жасалған 2,5 млн теңгенің авторлық әшекейлерін қоқысқа тастаған.
Дүкен күзетшісі салмағы 5 келі болатын зергерлік бұйымдарды байқаусызда қоқысқа лақтырып жіберген.
"Біздің дүкеннің 8 қалада бөлімшесі бар. Алматыдан қазақы ою-өрнегі бар білезіктер жіберген болатын. Оны Ақтаудағы бөлімшеміз — "Қазақ әшекейлері" дүкеніне жіберуіміз керек-тін. Дүкенде қоқыс салынған жәшік тұрған. Мен оған екі күн бойы қоқыс салдым. Мен шығып кеткенде ағам ішіндегі қоқысты алып тастап, онын орнына зергерлік бұйымдары бар пакет салып қойған екен. Мен оны білместен қоқыс контейнеріне апарып салдым", — деді Елорда Инфо тілшісіне дүкеннің күзетшісі Жандос Әмірханов.
Қоқыстың орнына зергерлік бұйымдарды лақтырып жібергенін күзетші бір сағаттан соң бірақ білген.
"Ағам келіп "күміс білезік салынған қорапша қайда?" деп сұрады. Өзімнің қателесіп қоқыстың орнына білезіктерді лақтырып жібергенімді сол кезде барып бірақ білдім. Жүгіріп қоқыс контейнеріне барсақ тазалықпен айналысатып коммуналдық ұйымның көлігі келіп тұр екен. Бірақ тұрмыстық қалдықты артып үлгермепті. Қоқысты қопарғанда өзім шығарған жәшікті таптым. Алайды ішіндегі зергерлік бұйымдар салынған пакеттер жоқ. Біздің ойымызша оны тұрғылықты жері жоқ адамдар, яғни бомждар алып кетті", — дейді күзетші.
Оның айтуынша, білместікпен келтірілген залалдың көлемі 2,5 млн теңгені құрайды. Бүгінгі күні дүкеннің басшылығы полицияға арыз жазды.
"Айналадағы бейнебақылау камераларын қарап шықтық. Ол жерде камера аз емес, бірақ қоқыстың маңайын бірде-бір камера түсірмейді екен", —деді ол.
Жас жігіт зергерлік бұйымдардың табылатынына үміттеніп отыр.
"Мен ол әшекейлердің табылатынына сенімдімін. Себебі ондай зергерлік бұйымдар тек тапсырыспен жасалады, яғни ол экслюзивті зат болып табылады. Бұған қоса тергеушілердің айтуымен әлеуметтік желілерге хабарлама жаздым. Тауып алып, хабарласқан адамға сыйақы беріледі", — деді Әмірханов.