22 там, 2018 сағат 19:24

Астанада салонына су кіріп кеткен автобус жүргізушісі жұмыстан шеттетілді

Астанада салонына су кіріп кеткен автобустың жүргізушісі жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оған (жүргізушіге -авт.) ол жаққа бармау керектігі ескертілген. Оның үстіне ол жағдайды жақсы білген. Адамдармен келе жатқанын ескеруі керек еді. Біз көшені жауып тастап, патрульдік көлікті, қоршауды қойдық. Алматы ауданы әкімдігінің қызметкерлері оған кері бұрылуды сұраған еді. Бірақ, ол тыңдамай ары қарай жүре берген. Ол айналып өтуі керек еді. Момышұлы көшесіне ол Тоқпановты айналып өте алар еді. Оның ендігі жұмыста қалу-қалмауын «Astana LRT» басшылығы шешеді. Ол жерде басқа жүргізушілер айналып өткен. Ал аталмыш автобустың жүргізушісі олай етпеген», - деді Қосман Айтмұхамбетов.

 

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Астана көшесімен жүріп келе жатқан автобустың салонын толығымен су алып кеткені жөнінде видео тараған еді. Кейін «Astana LRT» компаниясы елордада нөсер кезінде салонына су кіріп кеткен автобустың видеосына қатысты түсінік берген болатын.