20 мау, 2020 сағат 17:41

Астанада карантин талаптарын бұзғандар көше видеокамераларымен анықталуда

Сенбі, жексенбі күндері Нұр-Сұлтан қаласында күшейтілген карантин талаптарын бұзған тұрғындар көше видеокамералары арқылы анықталып отырады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне және коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының артуына байланысты Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия 20-21 маусым күндері қосымша шектеу шараларын енгізген болатын. 

Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында демалыс күндері барлық сауда, ойын-сауық-орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларының, дүкендердің жұмысы тоқтатылды. Жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, медициналық қызмет алуға баруды қоспағанда, азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылған. Қала тұрғындары қызметіне рұқсат етілген нысандарға жұмысқа барып-келуіне болады.

Полиция департаментінен мәлім еткендей, сенбі-жексенбі күндері полицейлердің қызметі күшейтілген режимге көшірілді. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Бас санитарлық дәрігер талаптарының сақталуына мониторинг үздіксіз жасалуда. Сонымен қатар бұл жұмыстарға iKOMEK мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жұмылдырылған.

iKOMEK-ке интеграцияланған қалалық видеобақылау камераларының көмегімен тұрғын үй аулаларына, саябақтарға, скверлер мен басқа да қоғамдық орындарға мониторинг жасалып, карантин талаптарын бұзушылар анықталып жатыр. Тіркелген деректер жедел түрде Полиция департаментіне жолдануда. Өз кезегінде тәртіп сақшылары елорда тұрғындары мен қонақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

«Енгізіліп отырған шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуалды жақсартып, коронавирус инфекциясының таралуын бәсеңдетуге бағытталғанын айтып өткен жөн.

Қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарын әлеуметтік жауапкершілік танытып, асқан қажеттіліксіз үйден шықпауға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз», - делінген ПД ақпаратында. 

Сенбі, жексенбі күндері елордада дезинфекция шаралары жүргізіледі. 

Қала әкімі Алтай Көлгінов дүйсенбіден бастап коронавирус жұқтырған науқастар үшін қосымша 200 төсек-орын дайындалатынын айтты.