22 қыр, 2022 сағат 08:23

Астанада ер адам мас күйінде айдап кеткен көлікпен екі жол апатын жасаған


Елорда тұрғыны мас күйінде біреудің көлігін айдап кетіп, бір күнде екі рет жол апатын жасаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Елорда тұрғыны сағат 12:52-де “102” арнасына Б.Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйдің кіреберісінің жанынан Mercedes-Benz G 500 маркалы автокөлігін айдап кеткені туралы хабарлаған. Шағымданған азаматша көлігін оталдырылған күйінде және есігін құлыптамай, ашық қалдырып кеткенін, орнына қайта келген сәтте көліктің жоқтығын көріп, полицияға жүгінген.

Қылмыскерді іздеуге және оны ұстауға полицияның жеке құрамы бағытталған. Бейнебақылау камераларын зерделеу барысында үйдің ауласында жүрген белгісіз ер адам, көлікті оталдырып қойып отырғаны және үйіне кіріп бара жатқан әйелді бақылағаны анықталды. Осы сәтті пайдаланып, ол рөлге отырып, Land Cruiser 200 автокөлігімен соқтығысып, көлікті әрі қарай айдап кете берген.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында келесі Lexus автокөлігімен соқтығысқан. Сол уақытта полиция қызметкерлері қаскүнемді қолға түсірді. Куәландыру нәтижесі бойынша 34 жастағы ер адам орташа ауырлықтағы мас күйінде болған.

ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігіне сәйкес көлік құралын алкогольдік масаң күйде жүргізгені үшін ұсталған адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, оған қоса ҚР ҚК-нің 200-бабы "Айдап әкету" дерегі бойынша соталды тергеу басталды.

"Мұндай қылмыстардың себебінің бірі - көлік иелері темір тұлпарын ашық қалдыру немесе түнгі уақытта есігін жабуды ұмытып кетеді. Осы сияқты себептер ұрлық пен айдап әкету үшін қолжетімділікке әкеледі", - дейді. "Алматы" ПБ аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Жанқұлов.

Елорда полициясы көлік құралдарының иелеріне қырағы болуға, өз көліктерінің терезелерін, есіктері мен жүксалғыштарын ашық қалдырмауға, көлікті арнайы тұрақтарда, жарықтандырылған орындарда және бейнебақылау камераларының көрінетін аймағына қоюға қатаң түрде кеңес береді.