Фото: ашық дереккөз
Астанадағы «Қазанат» ипподромында 19–20 шілде күндері ұлттық тағамдар мен қымызға арналған ауқымды «BaiQymyz» гастрофестивалі өтеді. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық қымыз өндіруші және жылқы шаруашылығы өкілдері қатыспақ, деп хабарлайды Ult.kz.
Фестиваль қонақтары екі күн бойы қымыздың түрлі түрлерінен дәм татып, қазақ жылқы тұқымдарымен таныса алады. Жабы, Көшім, Мұғалжар, Қостанай, Адай секілді жылқы тұқымдары ұсынылатын көрмеде асыл тұқымды жылқылардың аукционы да өтеді.
Фестиваль аясында өтетін «Ең үздік қымыз» байқауының жеңімпаздарына 45 миллион теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған:
-
I орын – 20 млн тг
-
II орын – 15 млн тг
-
III орын – 10 млн тг
Сонымен қатар, қымыздың емдік қасиеттері мен жылқы шаруашылығының болашағына арналған ғылыми конференция ұйымдастырылады. Германия, Ресей, Қырғызстан және Қазақстаннан келген ғалымдар, ветеринарлар мен кәсіпкерлер тәжірибе алмасады.
Шеберлік сабақтарда:
-
Қымызды сақтау және капсула түрінде өндіру тәсілдері
-
Тері илеу, ат әбзелдері мен ұлттық бұйым жасау әдістері көрсетіледі.
Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмайды. Қатысушылар аударыспақ, құмай тазы жарысы, асау үйрету, шалма салу, жілік сындыру мен мешкейлер сайысы сынды ерекше жарыстарды тамашалай алады.
Бұл фестиваль қазақтың ұлттық тағамы – қымызды дәріптеумен қатар, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі өнерді дамытуға серпін беретін маңызды алаң болмақ.
