13 қаз, 2020 сағат 14:06

«Астана Опера» Алан Бөрібаевтің жаңа жобасын ұсынады

«Астана Опера» театрының бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі маэстро Алан Бөрібаев елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әзіл аралас эксклюзивті бағдарлама - «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Француз комедиясының негізін салушылар» атты опералық-симфониялық концерт ұсынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Концерт 17 және 18 қазан күндері өтеді. 

Қазақстанда және шет мемлекеттерде Алан Бөрібаевті ең биік деңгейдегі маэстро ретінде таниды. Оның дирижерлігімен түрлі елдердің симфониялық оркестрлері ойнайды. Бұдан бөлек, оның дарындылығының тағы бір қыры – әлемдік музыкалық қауымдастық арасында резонанс тудыратын жобаларды шығаруы. Олардың ішінде Қазақстан, Италия және басқа елдерден келген мыңнан астам музыканттың орындауындағы Густав Малердің №8 симфониясы, Карл Дженкинстің SHINE ASTANA салтанатты одасы бар. Жылдың басында қойылған «Италиядан келген хаттар» опералық-симфониялық концерті тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленіп, жүректерінен орын алды. Асқақ өнердің жанкүйерлері маэстродан шығармашылық тартулардың жалғасын асыға күтті. 

А.Бөрібаев ұсынып отырған «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Француз комедиясының негізін салушылар» атты бағдарламаның өзгешелігі – концертте Жан-Батист Мольердің «Мещанин во дворянстве» комедиясының еркін оқылуында, маэстроның өзі жасаған монолог нұсқасы Рихард Штраустың осы комедияға арнап жазған музыкасынан сюитамен бірге шырқалады. Әр жылдары аталған пьесадағы музыкалық және драмалық бастауларды үйлестіру тұжырымдамасын маэстро А.Бөрібаев Балтимор (АҚШ), Дублин (Ирландия), Майнингенде (Германия) ұсынып, өнерсүйер қауымның зор қызығушылығын тудырған болатын.

Музыкалық монологтың негізгі қаһарманы Мольердің кейіпкері Журден мырза екенін атап өткен жөн, Алан Бөрібаев оны күлкілі, сүйкімді, сөйте тұра аңқылдақ әрі паң мінезді адам ретінде көрген. Бас кейіпкердің тұла бойы балалық білімқұмарлық пен балаға тән ғашық болғыштық қасиеттерге толы. Маэстро Журденнің зиялы орталарда танылуға деген тоқтамсыз құмарлығын көрсетудегі Мольердің қолтаңбасын сақтап қалған. Барлық оқиға осының айналасында өрбиді. Журден мырзаны оркестр музыканты Әсет Нелдібаев сомдайды. 

Музыкалық кешті француз комедиясының алтын ғасырының классиктері Мольер, Вольтер және Бомаршенің мәтіндеріне жазылған шығармалар ұсынылатын мазмұнды бағдарлама жалғастырады.

Сонымен қатар талғампаз жұртшылық назарына Вольтер мен Л.Бернстайн, П.Бомарше мен В.Моцарт, Мольер мен Р.Штраустың өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер ұсынылады. Әдеби арқау концерттің музыкалық мазмұнын әсемдікпен көмкереді. 

«Астана Опера» сахнасында алғаш рет концерттік бағдарлама аясында В.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан екінші бөлімнің финалы орындалатынын атап өту керек.

Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Айгүл Ниязова, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Ғалеев, Евгений Чайников, Гүлжанат Сапақова, Ержан Сайыпов, Шыңғыс Расылхан, Ерұлан Кәмел және тағы басқалары қатысады. 

Концерттің режиссері – Еренбақ Тойкенов.