Қазақстандық Дмитрий Попко Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жарысқа арнайы шақыртумен қосылған, дүниежүзілік рейтингте 172-орында тұрған Д.Попко әлемнің 85-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен күш сынасты.
Бірінші партияны Д.Попко брейкпен бастағанымен, қарсыласы таразы басын теңестіре білді – 1:1. Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте брейк жасап, сосын өз геймін ала білді – 6:4.
Екінші сетте молдовалық спортшы 2:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Д.Попко брейк жасағанымен, өз геймін беріп қойды – 1:3. Содан кейін есепті теңестіре алды – 4:4. Бірақ Р.Албот сетті брейкпен түйіндей білді – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда Р.Албот есеп 5:4 болған мезетте брейк жасап кетті – 6:4. Керісінше Д.Попко сет барысында мұндай мүмкіндігін пайдалана алмады.
Аса тартысты бәсеке 2 сағат 50 минутқа созылды.
Р.Албот екінші айналымда әлемнің 59-ракеткасы, америкалық Томми Пол немесе рейтингте 73-сатыдағы италиялық Стефано Травальяның біреуімен кездеседі.
ATP 250 дәрежесінде алғаш өтіп жатқан Astana Open додасында Қазақстанннан сондай-ақ Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатов өнер көрсетеді. Алғашқы айналымда А.Бублик америкалық Маккензи Макдональдпен, М.Кукушкин аргентиналық Федерико Дельбониспен шеберлік байқасады.