21 жел, 2016 сағат 16:02

«Астана» ФК сал ауруына шалдыққан 12 жасар Райымбектің еміне қаржы жинап берді

12 жыл бұрын сап-сау дүниеге келген Райымбек Мергенбаев 9 айлығында дәрігерлердің салғырт жасаған екпесінен церебралды сал ауруына (ЦСА) шалдығып, мүгедектер арбасына таңылған.

Райымбектің әкесі баласының аты жаман ауруға шалдыққанын естіген соң тастап кеткен. Райымбектің анасы Рая Мергенбаева бүлдіршіннің бүгінгі таңдағы жалғыз жанашыры. Рая Мергенбаева екінші топтағы мүгедек. Мемлекет тарапынан Мергенбаевтар отбасына жиі көмек көрсетіліп, зейнетақы уақытылы төленіп тұрғанымен, ол қаражат баланың еміне жеткіліксіз. Одан бөлек, көмекке зәру отбасының баспаналары да жоқ. Қазіргі таңда туыстарының шаңырағын паналауға мәжбүр.

Осыдан бір жыл бұрын «Евразия 1» арнасы кішкентай Райымбек пен жалғыз басты ананың тағдыры жайлы арнайы бейнесюжет жасап, халықтың назарын аударған болатын. Райымбектің анасының айтуы бойынша қайырымды жандар тарапынан азық-түлік, киім-кешек т.б. көптеген материалдық көмек көрсетілген. Алайда Райымбек қазіргі ауруынан аман-есен жазылуы үшін шет мемлекетте ем қабылдауы керек. Ол үшін үлкен көлемде қаражат қажет.

«Астана» футбол клубының ұжымы Райымбектің Қытай елінде целебралды сал ауруын емдейтін арнайы орталықта жасалатын ем-домы үшін қаражат жинап берді. Одан бөлек, елордалық команданың өкілдері Райымбекке өз есімі жазылған команда жейдесін сыйға тартып, алдағы маусымдағы «Астана Арена» стадионында өтетін Қазақстан чемпионатының ойындарына шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» командасы мүмкіндігі шектеулі жандарға стадионнан арнайы орын бөліп, ойынды барынша қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік жасаған болатын.  

"Ұлт ақпарат"