УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңге жолдама беретін плей-офф бәсекесінде «Астана» өз алаңында Беларусь елінің БАТЭ командасын ұтты.
Астана» бас бапкері Станимир Стойлов алғашқы минуттан Ненад Эрич, Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Марин Аничич, Неманья Максимович, Рохер Каньяс, Серікжан Мұжықов, Патрик Твумаси, Джуниор Кабананганы шығарды. Осы жерде айта кететін жайт, Логвиненко өзіне аса қолайлы емес, сол қапталда өнер көрсетті. Бірақ Юрий сенімді ақтай білді. Себебі, «Астананың» негізгі сол қапталдағы қорғаушысы Дмитрий Шомко «Селтикпен» болған ойында қызыл қағаз алған еді. Сондықтан бұл матчта командасына көмектесе алмады.
Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. «Астана» допқа көбірек иелік етті. Веремко қорғаған қақпансын елордалықтар 10 рет нысанаға алды. Бірақ бірде-біреуі қақпа торынан табылмады. Бірінші таймда Беларусь командасының басты жұлдызы Александр Глеб жарақат алып, өз орнын Иванович босатып берді.
Екінші таймда Агим Ибраимидің орнына Азат Нұрғалиев шықты. Азаттың кіруімен «Астананың» ойыны жаңдана түсті. Матчтың 70-минутында БАТЭ қорғаушыларын қателігін Кабананга тиімді пайдаланып кетті. Арада 10 минут өткенде БАТЭ қақпашысы өресекел қателік жіберді. Бл мүмкіндікті Азат Нұрғалиев мүлт жібермеді. Есеп – 2:0.
Қарымта ойын бір аптадан кейін Борисов қаласында өтеді.
Бек ТӨЛЕУОВ, baq.kz