Елорда әкімдігіне көптеп жиналған адамдар арасында қыспақ болып, салдарынан 4-қабаттағы қоршаулар сынды, адамдар төмен құлады. Осындай тақырыбы және мұқабасында адамдар тобы көрсетілген видео YouTube платформасында таралып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Видео әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек беру туралы жаңалықтар аясында тарады. Жағдай Қазақстан астанасында болған деп хабарланды. Алайда, басқа қалаларда болғаны туралы нұсқалар да бар.
Factcheck.kz сайтының мәліметінше, бұл видео – фейк.
«Бұл видео 2 наурыз күні таңертең Боливиядағы El Alto университетінде түсірілген. Кем дегенде жеті студент темір қоршау сынғаннан кейін университет ғимаратының төртінші қабатынан құлап, мерт болды, бесеуі ауыр жарақат алды.
Видеода студенттердің тар дәлізде сығылысып, мәжіліс залына жиналысқа кіруге ұмтылғаны, содан қоршау шыдамай, сынып кеткені көрінеді.
El Alto универсиетінің Twitter-дегі ресми парақшасында ЖОО-ның ресми мәлімдемесі жарияланды.
Онда университет басшылығы 2 наурыз күні таңертең болған осы оқиғаға байланысты қабылданған шаралар туралы хабарлайды. Атап айтқанда, университет бойынша 7 күндік аза тұту жарияланған. Эль-Альто мемлекеттік университеті жараланған және көз жұмған студенттердің отбасыларымен байланыста. Жарақат алған университет студенттеріне медициналық қызмет көрсету шығындары және қайтыс болған студенттерді жерлеу шығындары өтеледі.
«Эль-Альто мемлекеттік университеті оқиғаны тергеуге қатысу үшін Заңды дирекция арқылы Мемлекеттік министрлікке шағым түсіреді. Университет басшылығы қаза тапқандардың отбасына қайғырып көңіл айтады», - делінген мәлімдемеде.
«Ал Қазақстанда мерекеге орай қаржылай әлеуметік көмек көрсетіле ме?» деген сауалға келсек, «Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік көмек беру, олардың мөлшерін белгілеу және жекелеген санаттар тізімін анықтау ережелері туралы» заң бойынша, атаулы және мереке күндері әлеуметтік көмек қарастырылған. Оның мөлшері – 2,5 АЕК. Бұл – шынымен де, шамамен 17 доллар (7 мың теңгеден сәл асады)», - деп жазады factcheck.kz сайты.